Бәйдібек АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданады. Онда жәбірленуші ер адам, түнгі уақытта өзінің жеке кәсіпкерлігіндегі құрылыс дүкенінің қоймасына белгісіз адамдар заңсыз кіру арқылы әр данасы 11 600 теңге тұратын 500 дана пресс жіп орамаларын жасырын түрде ұрлап алып кеткенін жеткізді. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 6 миллионға жуық теңгені құрады. Аталған дерек Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабымен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ірі көлемді ұрлық қылмысы жайлы ақпарат алысымен полицейлер бірден әрекет етті. Ұрыларды ұстау үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды аралап шықты. Бәйдібек АПБ КПБ-нің тәжірибелі, қырағы қызметкерлерінің атқарған осындай жұмыстарының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде 5 жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Олардан ұрланған орама жіптердің жартысы айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Ал қалғандарын сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген болып шықты.
Осы ұрлық қылмысын тергеу барысында, күдіктілердің аудан көлемінде басқа 11 жайт ұрлық пен мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Яғни 2020 жылдың қазан айынан бүгінгі күнге дейін 11 рет ұрлық жасаған. Оның бірінде күдіктілер екеу болып мал ұрласа, келесіде үшеу болып құрылыс заттарын жымқырып отырған. Осылайша күдіктілер жалпы 37 бас уақ мал, 1 бас жылқы, 7 күркетауық, 20 келілік 80 қап кебек, құны 200000 теңге тұратын электр қуатын беретін мотор, 6 дана түрлі құрылыс заттарын жымқырған. Полицейлер ұрылардан ұрланған заттардың бір бөлшегін тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды.
Бүгінгі таңда орын алған қылмыстарға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" пен 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің 4-еуі қамауға алынды, ал біреуі қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарына абай болуды ескертеді. Ұрлықтың алдын алу үшін барлық қауіпсіздік шараларын жасауға кеңес береді.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі