Шымкент қаласының туризм басқармасының басшысы Олжас Шинтаев қонақ үй құрылтайшыларымен кездесті. Басқосуда маңызды екі бірдей тақырып талқыға түсті.
Олар карантиндік режимде кәсіпкерлік нысандарының жұмысын жүйелейтін "Ашық" жобасы және ҚР заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайы болды.
Қос тарап өкілдері бүгінгі таңда өзекті болып отырған «Ashyq» жобасына қатысты сауалдарды ортаға салды. Кәсіпкерлерге – тиімді, тұрғындарға – қауіпсіз болып табылатын жобаны жетілдіруге қатысты пікірлерді тыңдады.
«Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Соның аясында Қазақстанның туристік картасы қалыптастырылып, визасыз режім бойынша елдердің тізімі артуда. Сонымен қатар, шетелдіктерге туристік ақы төлеуді енгізу мәселесіне және туристік жарнаға байланысты енгізілген өзгерістер әлі де қоғамдық талқыны қажет етеді» - деді туризм басқармасының басшысы Олжас Маратұлы.
Кездесу соңында алдағы уақытта кәсіпкерлік нысандары мен бизнес өкілдерінің бірлескен арнайы кездесулері ұйымдастырылатыны айтылды.