Қазақстан фармацевтикасы – салыстырмалы түрде жас сала. Шымкентте «Химфарм» кәсіпорны кеңестік кезеңнен бері бар дегенімізбен, 2010 жылға дейін бұл сектордағы өндіріс көлемі өте мардымсыз болатын.
"2010 жылы Үкімет Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдап, онда фармацевтика басымдыққа ие салалардың бірі ретінде белгіленді. Ол кезде елімізде бар-жоғы 8-10 миллион АҚШ долларының дәрі-дәрмегі өндірілетін еді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2020 жылы бұл көрсеткіш 225 миллион АҚШ долларына (шамамен 100 миллиард теңгеге жуық) жетті. Республика бойынша фармацевтика өнеркәсібінде 168 кәсіпорын бар. Оның үшеуі ірі кәсіпорын. Олар: «Химфарм», «Абди Ибрахим Глобал фарм» және «Нобел АФФ» компаниялары. Мұнан бөлек 11 орта және 154 шағын кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындарда 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді, – дейді «ФармМед Индустрия» қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақпаева.
Айта кетейік, отандық фармацевтика нарығының сұранысы 1 миллиард 500 миллион АҚШ долларына тең. Басқаша айтсақ, Қазақстан халқы жыл сайын осынша ақшасын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарға жұмсайды. Жоғарыда айтылған 168 кәсіпорын бүгінде соның 15 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қалған 85 пайызы шет мемлекеттерден импортталады. Отандық фармацевтика өнеркәсібіндегі компаниялардың алдында осы көрсеткішті 30 пайыздан асыру міндеті тұр. Осынау асқақ мақсатқа жылдан жылға жақындап келе жатырмыз әрі бұған шымкенттік компаниялардың үлесі зор.
Атап айтқанда, Шымкенттегі «Химфарм» акционерлік қоғамының бір өзі бүкіл республикада шығарылатын дәрі-дәрмектің 45 пайыздан астамын өндіреді. Яғни, шымкенттік кәсіпорын – республика нарығындағы талассыз көшбасшы. Тарихы 140 жылға таяп қалған көне кәсіпорынның жаңа тарихы 2011 жылы басталды десек, қателеспейміз. Себебі, сол жылы Шымкентке «Polpharma» компаниясы инвестор ретінде келді. 2011-2013 жылдары тартылған инвестицияның есебінен фабриканың инфрақұрылымы жетілдіріліп, электрлі жүйелері жаңартылды, жаңа қазандық салынған. Одан кейінгі 2 жылдың ішінде микробиологиялық зертхана мен ампулдық-инфузиондық цех жаңғыртылып, жаңадан қосымша ампулдық цех салынды. Ал 2016-2018 жылдары ұнтақты антибиотиктерге арналған асептикалық қоспалар цехы, жаңа инфузиондық желі, қатты және сұйық преоралдық дәрілік заттар цехтары мен жаңа қойма салынды. Бұл цехтар мен зертханалардың барлығы GMP халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Айта кетейік, жоғарыда айтылған жобаларға «Polpharma» компаниялар тобы 108 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған.