Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ағарту апталығы өтіп жатыр. Бүгін осы апталық аясында отбасылық кітапханада «Мәдениет және бала» тақырыбында «дөңгелек үстел» жиыны өтті.
Басқосу балалардың бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіре отырып, ұлттық болмысты, көркем мінез бен мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Жиынға ақын Д.Танабаев, Қ.Көмек, Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының маманы Д.Серікқызы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының өкілі Г.Жаһанқызы, «Асыл әжелер» тобы қатысып, бала тәрбиесіне қатысты ойларын ортаға салды. Ал, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының 4, 8, 11 сынып оқушылары аға буын өкілдерінің тұщымды әңгімесін тыңдады.
Ақын Қ.Көмек балаларға бағдар бергенде, әуелі, халық ауыз әдебиеті мен лиро-эпостық жырлардан бастау қажет екенін атап өтті.
— Қазақтың салт-дәстүрі, тәрбиесі, мәдениеті де осы халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Халық ауыз әдебиетімен сусындаған бала тамыры тереңге кеткен ағаш сынды қуатты болады», -деді ол.
— Адамзаттың ең басты миссиясы — саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде балалар әдебиетінің орны ерекше. Олар әдебиет оқу арқылы жақсы мен жаманды ажыратып, қоғамға бейімделеді. Ұлы ақын Абай айтқан «Толық адам» болу үшін ізденуден қашпау керек. «Мен бүгін жаспын, ертең-ақ оқып аламын» дегеннің өзі жаңсақ пікір, -деді Дәркен Танабаев.
Ал, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының өкілі Г.Жаһанқызы бала тәрбиесі отбасынан басталатынын алға тартты.
— Сәби шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап салт-дәстүрге сай түрлі жөн-жоралғыларды жасап жатамыз. Ал, қазақтың әр салты — тұнып тұрған тәрбие. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізетті болу, әлсізге көмектесу — осының бәрі біздің дәстүрімізбен жеткен дүние. Орталық бүгінде қазақта ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптарды жаңғыртып жүр. Балалар отбасындағы тәрбиемен бірге салт-дәстүрімізді әдебиеттегі іліммен толықтырып отырса, нұр үстіне нұр болмақ, - деді ол.
Аға буынның «Мәдениет және бала» тақырыбындағы тұщымды әңгімесін тыңдаған А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп гимназиясының 4,8,11 сынып оқушылары кеш қонақтарына көкейтесті сауалдарын жолдап, пікір алмасты. Жиын мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің Отбасылық кітапханасы модернизациядан өткен. Қазіргі таңда кітапхананың «Жасыл залы» 1-4 сынып аралығындағы оқушыларға арналған әдебиеттермен толықтырылса, «Қызыл зал» 5-11 сынып оқушыларына бағытталған. Ал, «Қазақ әдебиеті» залынан әдебиеттің інжу-маржанын тапсаңыз, балабақша бүлдіршіндері «ойын алаңы» бөлмесіндегі танымдық кітапшалармен таныса алады.