«Шымкент – 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына орай қаланы абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылуда.
Шымкент қаласының көркiне көрiк қосқан, мерейiн өсiрген Назарбаев даңғылы бойындағы «Ел жүрегі — Нұр-Сұлтан» стелласына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары қала әкімдігі тарапынан жүргізілуде.
Еске сала кетсек, ұзындығы екі шақырымнан асатын көрікті даңғыл бойында су жаңа көпқабатты үйлер мен әкімшілік іскерлік орталық, театр және көптеген әлеуметтік нысандар орналасқан.
Қаладағы саябақтар да ажарланып келеді. Айталық Абай саябағының Қайрат Рысқұлбеков көшесі бойындағы аумағындағы темір қоршаулар алынып тасталып, жаяу жүргіншілер жолы кеңейтілді.
Қала әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы барлық демалыс орындарындағы қоршауларды алып тастамақ. Халық игілігіндегі саябақтар мен гүлзарлар, қоғамдық орындар болғандықтан жабық емес ашық күйінде болуы тиіс,- дейді шенеуніктер.
«Қаладағы барлық саябақтардағы қоршауларды алып тастау жөнінде қала әкімінің тапсырмасы бар. «Жеңіс» пен «Металлургтер» саябақтары қоршаусыз қазір. Абай саябағындағы қоршауларды алып тастау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халық пайдаланатын қоғамдық орындар болғандықтан олар жабық емес қалаған уақытында кіре алатын демалыс орны болуы керек. Қоршауларды мемлекеттік мектептер, балабақшалар мен тұрақтарға орнатамыз»,- дейді Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жаманкөзов.