Үшінші мегаполистің «ТМД елдерінің мәдени станасы» мәртебесін иеленуі қаланың тыныс-тіршілігіне, келбетіне көптеген өзгерістер енгізуде. Айталық мерекелік қонақтардың назарына «Ескі қалашық» кешені ұсынылмақ. Қазақстанның туристік картасының ТОП-50 нысанына енгізілген кешен шаһардың тым тереңде жатқан тарихынан сыр шертпек. Бұл туралы туризм басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Қалқабаев баспасөз брифингінде мәлімдеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылдың екінші жартысында «Туристік клуб» ашу жоспарлануда. Оның басты мақсаты – туризм мамандарын жастайынан дайындау, оқыту»,- дейді спикер.
Туристердің сүйікті орнына айналғалы тұрған «Ескі қалашық» кешені маусым айында қала күніне орай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, дәстүрлі «Қызғалдақ жолы» атты мерекелік фестивалі де өтуі тиіс. Бұл шара әдеттегідей табиғат аясында емес «Арбат» жаяу жүргіншілер демалыс орнында өтеді. Ал, «Дәмді Шымкент» бағдарламасы мерекелік кештердің ең негізгісі дейді мамандар. «Шымкент Қазақстанның өзге өңірлеріне ең алдымен гастрономиясымен танымал. Осы бағытты одан әрі дамыту әрі насихаттау мақсатында қазан айында «Дәмді Шымкент» гастрономиялық фестивалі өтеді. Оның басты фишкасы ретінде шараға қатысатын аспаздар тарапынан тек қана Шымкентке тән арнайы мәзір дайындау болып табылады,- дейді Азамат Қалқабаев.
«Мәдени астана» аясында келетін қонақтар үшін ақпараттық және консультациялық көмек көрсету мақсатында 20 наурызға дейін қалада 5 туристік ақпараттық дүңгіршек орналастырылмақ. Ондағы ақпараттар үш тілде QR-төлқұжат арқылы таныстырылады. Аудиогидтер жазылып, IZI travel халықаралық туристік платформасы қонақтарға сапалы қызмет көрсететін болады.Бұған қоса мамыр айында әлем кезген саяхатшыларға ақпарат беретін таблоларға қаланың 3D туристік картасы енгізілмек
Айта кетейік, 2019 жылы Шымкентке келген туристер саны 185 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша 8 орынды көрсетіп тұр. Мамандар биыл шырайлы шаһарға келетін саяхатшылардың саны өткен жылдарға қарағанда анағұрлым көп болады деп болжап отыр.