Шымкент қаласында өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралар кейінге шегерілді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Твиттер парақшасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарламасы негізінде Үкімет арнайы алдын ала қолға алу шараларын ұйымдастыратынын және қоғамдық іс-шаралардың уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді.
Осыған орай, 2020 жылдың 20 наурызы күні Шымкент қаласында өтетін Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы жылының ашылу салтанаты кейінге қалдырылғанын хабарлаймыз. Сондай-ақ, орта білім беру және колледждердегі демалыс уақыттары алдын ала басталып, 16 наурыз бен 5 сәуір аралығына ауыстырылғанын вице-премьер Ерасыл Тоғжан баспасөз конференциясында мәлімдеді. Сонымен қатар, кинотеатрлар өз жұмысын уақытша тоқтатып, спорттық іс-шаралар көрермендерсіз өткізілетінін айтты.
Дегенмен әлемде орын алып отырған жағдайды ескере отырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарға алынуда.
Шетелдік қонақтар шақырылған үлкен мәдени іс-шараның тоқтатылуына байланысты халық арасында үрей тудырудың қажеті жоқ екенін назарларыңызға жеткіземіз.
Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін атап өту іс-шараларын да тоқтатуды жөн деп санап отырмыз, - деді Алмасбек Мамытбеков.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Женевада өткен баспасөз брифингте коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп таныған болатын.