Қазақстан түрлі этнос өкілдерінің құтты шаңырағына айналған қасиетті мекенге іспетті. Мұнда 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Үшінші мегаполисте де бірлігі жарасқан ұлт өкілдері көптеп қоныстанған. Солардың бірі татарлар мен башқұрттар. Тарихи мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда татарлар мен башқұрттар 18 ғасырда пайда болған. Олар бұрынғы КСРО-ның басқа халықтары сияқты Қазақстанның солтүстік аймақтарына тың және тыңайған жерлерді игеруге келген.
Шымкент татар-башқұрт орталығында «Сабантуй», «Наурыз», «Ораза байрам» мерекелеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады, соғыс ардагерлеріне қошамет көрсетіледі. Орталық жанынан би ұжымы мен вокалдық топ құрылып, жастар қанаты мен Аналар кеңесі жұмыс істейді. Орталық барлық іс-шаралар мен мемлекеттік мерекелерге белсене атсалысады.
Бірлестіктің негізгі мақсаты – ұлттық тілді, мәдениетті, дәстүрлерді дамыту, әр түрлі этностар арасындағы достық, бірлік пен келісімді нығайту. Қазіргі уақытта өз этносының болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыратын татарлар мен башқұрттар егеменді елдің әл-ауқатын арттыру жолында түрлі салаларда жемісті еңбек етуде.
Шымкентте жексенбілік мектеп жұмыс жасайды, оған қатысушылар саны – 35. Этномәдени бірлестікте «Замандашлар» ансамблі мен «Умырзая» балалар ансамблі жұмыс істейді. Бірлестікке жыл сайын облыс әкімінің Гранты бөлінеді, түрлі іс-шараларға облыс бюджетінен қаржылай көмек көрсетіледі.
Шымкенттегі татар мәдениеті орталығының жетекшісі Ася Мұхамедова қонақжайлылық пен тату көршіліктің және дәстүрлі бауырластықтың дәстүрлерін бейнелейтін Чак-Чак Байрам мерекесін 2020 жылы - Шымкент Достастық елдерінің мәдени астанасы жылына орай республикалық Сабантойды Шымкент қаласында өткізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс тастаған болатын. Алдағы күндері республикалық Сабантой үшінші мегаполисте жоғары деңгейде тойланатын болады.