Бабаларымыз «Халықтың рухани, мәдени әлемі оның дәстүрлі өнерінен көрінеді» деп бекер айтпаса керек, көрмедегі бұйымдардан қазақылықтың иісі шығып тұрғандай. Әр бұйым үшін шеберлердің қалай тер төккенін де бұйымдардың, ондай ою-өрнектердің күйделілігінен аңғаруға болады. ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкент қаласының қолөнершілері барынша онлайн көрмеге ат салысты.
Осы сәтте ұлттық өнеріміздің ұмыт қалмай ескеріліп, насихаттап жүрген бірқатар шеберлер де көрме барысында өз қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Мәселен, осы өнерді қолына алып, дәріптеп, ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Бибажар Хасимова әжей де бұл көрмеге қатысудан тыс қалмады. Ол өз қолөнерінде ою-өрнекті кеңінен қолданады екен. Әжейдің айтуынша, қазақтың қолынан шыққан қай өнер туындысында болмасын ою-өрнектің өзінің айнымас орны болады. Бибажар әже негізінен қолөнердің тоқымадан бұйым жасау түрімен айналысады және де өрнектердің барлық түрін қолдануға тырысады. Себебі қазақтың әрбір өрнегінің өзінің мәні, қолдану реті болады екен.
Әжей бүгінде қолынан шыққан барлық бұйымдарды заман ағымына сай етіп, қазақы нақышта жасап шығуға тырысатынын да жасырмады. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдерге арналған киімдер мен бұйымдардың да екі бөлек тәсілмен жасалынатынын, олардың әрқайсысының өзіне тән оюларды қатыстыратынын айтып өтті. Айтуынша, ою-өрнек қазақтың тарихынан, салт-дәстүрінен сыр шертетін, мәңгілік жұрт екенін айшықтайтын бірден-бір құрал болып табылады. Бибажар әжей бұл өнер түрімен 7 жасынан бері айналысып келеді екен.
«Жастайымнан көлөнермен айналысып келемін. Бұрыңғы кездері өзіміз үшін киіз де тіккенмін. Ал қазір тек сән үшін тігетін болдық қой. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, өзім білгенді өзгеге үйреткенді жөн санаймын. Талапкерлерім де өзім секілді ұлттық өнерді дәріптеп жүргендер. Шетелге шыққан сәттерімде біздің қазақ халқының қолөнеріне дүйім-жұрт тамсана қарайды. Тіпті, өнеріме тәнті болып, арқамнан қағып, мақтау-мадақтауларын айтқандар да болды. Біздің бұйымдар, ою-өрнектер олар үшін мүлде таңсық дүние көрінеді. Сондықтан біздің қолөнер өзге елде де жоғары бағаланады», - дейді Бибажар Хасимова.