Елімізде жүз елуден астам ұлт тұрады: қазақтар, орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, белорустар, корейлер, қырғыздар және тағы басқалары. Олардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасына тарихи оқиғалардың салдарынан қоныстанған: көші-қон, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жаппай депортациялау және эвакуациялау. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері де әртүрлі ұлт өкілдері жұмыс істеу үшін келіп қоныстанып жатыр.
Шымкентте де қанша ұлт өкілі тұратын болса да береке мен бірлікті сақтап, татулықта өмір сүріп келеді. Осы орайда Шымкент қаласы әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Арзу Гурбанова 1 мамыр Бірлік күнімен құттықтап, тілек айтты.
- Бірлік күні – баршаңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс әкелсін! Бірліктің, іріліктің – қадірін біліп, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы жұмырлы бастамаларға жұмыла атсалысайық, -дейдң Арзу Гурбанова.
Бұл бейбітшілік пен келісім, бірлік пен ынтымақ секілді құндылықтар дәріптелетін мереке. Мемлекет басшысы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап бірлігі бекем ел болуға үндеп келеді. Тәуелсіздіктің бастау алған ең қиын жылдарында Елбасымыз Н.Назарбаевтың қарымды қайраткерлігінің нәтижесінде республикамызда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды. Мінеки, осындай ұлттың дархандық мінезі, салиқалы саясаты бар Қазақстан қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.