Әлемді әбігерге салған індеттің кесірінен биыл біршама ауқымды мерекелер өткізілмей қалғаны баршамызға аян. Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына орай жаңа жобалар мен тың іс-шаралар ұйымдастырылған еді. Жағдайға байланысты талапқа, тәртіпке бағына отырып біз бұл қиындықты жеңіп келеміз.
Алайда қоғам үшін Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен барлық іс-шаралар онлайн өткізіліп, халықпен тікелей эфирде жүздесіп жүр. Бұған дейін де біршама мәдени әрі рухани азық алатын жобалар мен сұхбаттар болған еді. Бұл үйде отырған тұрғындар үшін зор мүмкіндік. Қолыңызда ұялы телефон мен интернет болса болғаны кез-келген іс-шараның көрермені ретінде тамашалай аласыз.
Мәдени іс-шаралардың өтуіне белсенді ат салысыр жүрген мекемелердің бірі – Отырар кітапханасы. Бұл жолы кітапханашы Айжан Абдуллаева «Менің өнерімнің құпиясы тақырыбында онлайн үйірме ұйымдастырды. Себебі, ол бос уақытында шеберлік сабақтарын ұйымдастырғанды ұнатады. Айжан бисер туралы бірқатар мәліметтер айтып өтіп, кішкентай моншақтардан жасалған бұйымдарды таныстырды.
«Бисер моншақтарының 4000-нан астам түрі бар. Менің қолданатыным – чех бисері. Түрлі кестелер жасауға мойынға, қолға арналған бұйымдар жасауға болады», - дейді Айжан Абдуллаева. Ол тікелей эфирде көрермендерге қолөнерімен таныстырып, көздің жауын алатын бұйымдар жасап бөлісті.