Шымкентте шахмат спортына оң бетбұрыс жасалды. Бүгін қаламызда шахматты дамыту және жаппай көпшілікке айналдыру мақсатында «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығы мен «Қазақстан Шахмат Федерациясы» Қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық меморандумы түзілді.
Қаламызда шаршы тақтада талайларды састыратын ойлы спортшыларымыз жетерлік. Жаһанды мойындатып жүрген дарынды ұл-қыздарымыздың көшін Гүлісхан Нақпаева, Гүлмира Дәулетова, Ілияс Садықов мен Жансая Әбдімәлік сынды саңлақтар бастап тұр.
«Өңірлерде шахматты көпшілікке айналдыру арқылы біз бүкіл елдің шахматшыларының шығармашылық байланысын нығайтамыз. Халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру басты мақсатымыз. Осы ойымызды іске асыруда бүгінгі өзара келісімнің рөлі ерекше», - деді «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығының басшысы А.Раманов.
Айта кетейік, алдағы уақытта логикалық ой өрісті машықтандыратын спорт түрінен Шымкентте республикалық шахмат ойындарын ұйымдастыру жоспарлануда. Алдағы уақытта үшінші мегаполис өзін шахматшылар отаны етіп жарияласа таңқалмаңыз!