Былтыр ғана «Мәдени астана» жылы аясында қалаға келетін қонақтарды Шымкент қаласының көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында Туризм басқармасы тарапынан қаланың ірі көшелерінің қиылысында және туристік нысандар да ақпараттық навигациялық стелалар орнатылған болатын.
Алайда араға аз уақыт салып, олар жарамсыз хәлге түскен. Сіз бен біздің ортақ қаржымызға алынған мүліктің дәл қазір тоз-тозы шыққан. Өкініштісі туристер игілігіне жұмыс жасауы тиіс навигациялық стелаларды бұзып-қиратқандар өз ішімізде. Ешбір үйді қонағы келіп былғамайтыны сыңайлы – бұл әрекетке барғандар да жергілікті тұрғындар.
Күн сайын шаһарға Шымкент теміржол вокзалы арқылы қаншама қонақ келеді. Осы көріністі аңғарған жандар қала келбеті, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі туралы нендей ой түюде? Мұндай іс-әрекеттен соң өз-өзімізге сауал қойған сайын ұялуға болады. Шымкент баршамыздың ортақ үйіміз. Өз баспанамызды қалай күтіп ұстасақ, қаламызға да дәл солай қамқорлықпен қарайық.
Айта кетейік, навигациялық стела – бұл жақын орналасқан туристік нысандар туралы ақпарат көзі ретінде қызмет ететін, әрі аймақта жылдам бағыт алуға жағдай жасайтын шағын көлемді дизайн.
Есте сақтайық, ең қайырлы амал "өзгеге пайдаң тимесе де, зияныңды тигізбеу".