Өнеркәсіптің тұрақты өсуі – экономикалық жаңғыртудың негізі

Мемлекет басшысы алға қойған ең басты міндет – қуатты әрі әртараптандырылған экономика құру. 

Screenshot_8.jpg

2025 жылдың 7 айының қорытындысы ұлттық дамудың локомотиві саналатын өнеркәсіп секторында оң серпін барын көрсетті. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,9%-ға нық өсім көрсетті. Мұндағы өсім драйверлері – көлемді 8,5%-ға ұлғайған тау-кен өнеркәсібі және әртараптандыру үшін ерекше маңызды сала, 6,1%-ға өскен өңдеу секторы.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет отандық өндірісті әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Өнеркәсіпті дамыту өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек жағдайларын жақсартуға, жоғары қайта бөлудің жаңа өндірістерін іске қосуға және инвестициялар тарту есебінен, оның ішінде ірі халықаралық компаниялардан тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған», — деп атап өтті өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.

Жолдауда Мемлекет басшысы автомобиль жасаудағы оң нәтижелерді атап өтіп, толыққанды автомобиль жасау кластерін құру үшін локализация деңгейін дәйекті түрде арттыра отырып, қол жеткен қарқынды сақтау міндетін қойды.

Бүгінгі таңда экономиканың бұл саласы технологиялық жаңғыртудың өзегіне айналып отыр. Ол бірінші кезекте автокөлік құралдары (+18,6%), ауыл шаруашылығы техникасы (+6,4%) және басқа да жабдықтар өндірісін ұлғайту есебінен 14% өсім көрсетті. Сәтті әртараптандырудың мысалы ретінде Саран қаласында іске қосылған автомобиль шиналары өндірісін айтуға болады. Бұл аталған елді мекенді моноқалалар санатынан шығаруға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибені басқа аймақтарда жаңа басты бағдар ретінде  қолдану міндеті жүктелген.

Бұл қаладағы негізгі жобалардың ішінде теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаратын зауытты да атап өтуге болады. Оның қуаты жылына 150 мыңға дейін теледидар мен 200 мың кір жуғыш машина шығаруға жетеді. Сондай-ақ, Алматы қаласында жеңіл автомобильдер шығаратын мультибрендтік зауыт және Қостанай қаласында Киа автомобильдерін шығаратын зауыт ашу жоспарлануда.

Машина жасаумен қатар, жыл басынан бері металлургия саласы да оң динамика көрсетіп отыр, оның өсуі 1,3%-ды құрады.

Президент өз Жолдауында Qarmet металлургиялық комбинатын мысалға келтірді, онда отандық инвестордың келуімен өндірісті едәуір көлемде ұлғайту мақсатында жаңғырту жұмыстары басталған. Мұндағы өсімге ферроқорытпалар (+1,6%), шойын (+6,5%) және болат (+3,4%) өндірісін ұлғайту есебінен қол жетіп отыр, бұл шикізатты тереңдете қайта өңдеу жөніндегі стратегиялық міндетке сәйкес келеді.

«Басты назар базалық металдарды одан әрі өңдеуге, аралас салаларды дамытуға және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға аударылып отыр. Биыл мыс өңдеуді 2 есеге, алюминийді 1,5 есеге, қорғасынды 2,3 есеге және мырышты 11%-ға ұлғайту жоспарлануда. Отандық өндірушілерді базалық металдармен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар орта және жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға көмектеседі. Катанка, өткізгіш кабельдер өнімі, аккумуляторлар, терезе профильдері, жиһаз фурнитурасы және басқа да тауарлар өндірісі артып келеді. Биметал жылыту радиаторларын, өнеркәсіптік аккумуляторларды, жезден жасалған бұйымдарды шығаратын жобалар іске қосылды», — деп атап өтті вице-министр.

Болат құю өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз ету үшін өндіріс көлемі едәуір ұлғайтылып, жаңа қуаттар іске қосылды. Мәселен, соңғы бес жылда болат шығару қуаты 5-тен 7,5 млн тоннаға дейін өсті. Құрылыс арматурасын, швеллер, қоставр, бұрыштемірлер шығару бойынша бес зауыт іске қосылды. Биыл Қарағанды облысында тік жікті құбырлар мен алюминий радиаторларын, Түркістан облысында алюминий профильдерін, Ақмола облысында алюминий бұйымдарын, Жамбыл облысында катодты мыс шығаратын өндіріс іске қосылуда.

Химия өнеркәсібі. Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, полипропилен мен полиэтилен шығаратын ірі өндірістердің жүзеге асырылып жатқанын, бутадиен, карбамид және терефтал қышқылын өндіру бойынша перспективалы жобалардың әзірленгенін атап өтті. Бүгінгі таңда мұндағы өндіріс 6%-ға өсті. Өсім негізінен жоғары технологиялық өнімдер: полипропилен (+46,2%), хром оксиді (+4,8%) және аммофос (+67,7%) өндірісінің ұлғаюы есебінен болып отыр.

Ал құрылыс материалдарының өндірісі 4,7%-ға өсті, бұл еліміздегі инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғын үй құрылысының жүзеге асуымен тікелей байланысты әрі халықтың өмір сүру сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Жеңіл өнеркәсіп тоқыма өндірісінің 4,9%-ға артуына байланысты 1,9%-ға өсті. Сонымен қатар, киім (-0,7%) және былғары өнімдері (-6%) өндірісіндегі байқалып отырған шамалы құлдырау қосымша назар аударуды және мемлекеттік қолдау шараларын талап ететін тұстардың бар екенін білдіреді.

Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру (+9,2%), мұнай өңдеу (+8,5%), дайын металл бұйымдарын өндіру (+14%), резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру (+4%) және жиһаз өнеркәсібі (+1,6%) оң динамиканы көрсетті.

Жалпы, биыл 23 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 1,5 трлн теңгеге жуық соманың 190 жобансын жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 75 жоба іске қосылды.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Устойчивый рост промышленности как основа экономической модернизации
  • Өнеркәсіптің тұрақты өсуі – экономикалық жаңғыртудың негізі
  • В Шымкенте торжественно открылся новый учебный корпус военного колледжа имени Сабыра Рахимова
  • Шымкентте C.Рахымов атындағы әскери колледждің жаңа оқу корпусы ашылды
  • Официальный визит Президента К.Ж.Токаева в Китайскую Народную Республику завершился
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер