Үшінші мегаполисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен қоғам белсенділері жол сапасын тексеруде. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, «Жол активтерінің ұлттық сапасы» орталығының қалалық филиалы мен «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өкілдері жол құрылысы барысын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізді.
Бұл жолы Нұртас шағынауданында салынып жатқан жолдар қоғамдық және ведомстволық бақылауға алынды. Мониторинг тобының өкілдері арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы жол төсемесін, тротуарларды, жолдың енін өлшеді. Алынған үлгілер сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде тиісті баға беріледі.
«Жол активтерінің ұлттық сапасы» орталығы өкілдерінің айтуынша, тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда мердігерлерге олқылықты түзеу үшін мерзім белгіленеді, содан кейін жол учаскесі нұсқаманың орындалуы тұрғысынан қайта тексеріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері осы тұрғыдағы іс-шаралар мамандардың қатысуымен жүйелі түрде өтетінін атап өтті.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы жүзеге асырылуда. Онда кез келген азамат мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын игеру жөніндегі ақпаратпен таныса алады. Мұнда жол құрылысына бөлінген қаражат та жарияланады.
Жалпы, «Сапалы жол» жобасын іске асыру кезеңінде 10-ға жуық рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, онда 70-тен астам бұзушылық анықталды, олардың бірқатары жойылды.