Қазақстанның жол сапасын тексеру орталығы Шымкент жолдарын тексеруге шықты. Мамандар алдымен «Нұртас» шағын ауданындағы Саяхат көшесіне келді. Мұндағы асфальт бірер күн бұрын төселген. Жол жиегіндегі асфальтті кесіп алған олар енді оны экспертизаға жібереді. Осылайша мамандар мемлекеттік сатып алуда ұтып шыққандардың адалдығын анықтамақ. Айта кетейік, Шымкенттегі өткен жылғы мұндай тексеру 800 ескертпемен аяқталған.
«2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі жол құрылысындағы қателіктерге 816 ескертпе жасалған. Енді міне тағы жолаушылар тасымалы және жолкөлік басқармасымен бірге тексеруге шықтық. Тексерген барлық құрылыс әзірге талапқа сай болып тұр»,- дейді Жол сапасын тексеру Ұлттық орталығының өкілі Қайрат Шәкіров.
Ал, Шымкенттің жолына жауапты басқарма мамандары қала жолының мінсіз екенін айтады. Сөздерінше, қыстан кейін көшелерде азды-көпті шұңқырлар пайда болған. Бірақ, оның барлығы да таяуда жөнделеді.
«Әдетте қыстан кейін жиналған сулардың кесірінен жолдарда аздаған шұңқырлар пайда болады. Ауа-райы енді қалпына келді. Міне, наурыз және сәуір айында мұндағы жұмыс қыза түседі. Негізі Шымкенттегі жолдар жақсы»,- дейді АЖ басқармасының бөлім басшысы Қайрат Баймендиев.
Биыл Шымкент көшелерін жөндеуге бөлінген қаржы өткен жылғыдан екі есе көп. 18 миллиард теңгеге 60 көше күрделі жөндеуден өтсе, 162-і орташа жөндеуден өтеді.