2019 жыл Жастар жылында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, еліміздің ірі қалаларындағы жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылдаған болатын.
Осы жоба аясында, Шымкенттік бірқатар жастар да баспаналы болған еді. Сондай пәтер алған көп балалы жас отбасының бірі Әбдіразақов Бауыржан мен Смайлова Қасиет. Жас отбасы аталмыш бағдарлама аясында 2 бөлмелі пәтерге ие болды. Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жаңа қоныс иелерінің жағдайын жиі сұрап, шаңырақтарына да ат басын бұрып тұрады екен. Жаңа пәтерге қоныстанған төрт баланың анасы Қасиет қатарластарына пәтер алудың жолдары мен ережелері қандай екендігін айтып берді. «Президентіміз Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында армандаған баспанамызға қол жеткіздік. Әрине отбасымызбен қатты қуандық. Өйткені бұған дейін қалада пәтер жалдап тұратынбыз. Бала-шағамен пәтер жалдап тұру өте қиын білесіздер. Кейіннен әкімшіліктің сайтынан осы бағдарлама жайлы оқып қалдым. Жолдасыммен ақылдасып Жастар орталығына келдік. Мұнда мамандар бізге барлығын түсіндіріп, содан құжаттарымызды тапсырдық. Құжат тапсыру барысында ешқандай қиындықтар болған жоқ. Қазір заман жақсы ғой.. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында барлығы электронды түрде жасалуда. Осылайша біз 37 балл жинап, көптен күткен пәтерімізге қол жеткіздік. Баспананың сапасы жақсы. Алғаш қоныстанар кезде барлығын тексеріп алдық. Көршілеріміз де өте жақсы адамдар. Көбісі өзіміз секілді жас отбасылар. Жақсы араласамыз, бір-бірімізге көмек беріп тұрамыз. Тіпті ортақ чатымыз да бар »,- дейді отанасы.
Қасиет үшінші мегаполистің жас отбасыларына мемлекеттік жастарға беріп тұрған мүмкіндікгін пайдаланып, пәтерлі болуға шақырады.