Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновтің тапсырмасы бойынша қаладағы бірнеше тігін кәсіпорындары медициналық маскаларды тігуді бастады. Маскаға қажетті өнім де үшінші мегаполистен шығады. Шымқаладағы «Азала текстиль» кәсіпорны маскаға қажетті дәке шығаруды қолға алды. Сұраныстың артуына байланысты комбинат дәке өңдейтін станоктардың санын арттыруда. Дәкеден бөлек мұнда бөз де шығарылады. «Біз шикізатты Оңтүстік өңірінен аламыз. Мырзакенттің мақтасын пайдаланамыз. Қазіргі жағдайға байланысты маскс тігуге арналған бөз бен дәкеге сұраныс артып тұр. Бір айда 1 миллион 400 мың қума метр бөз шығарып отырмыз. Бүгінде бөзге тапсырыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен түсуде. Айталық: Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Шымкент. Бүкіл Қазақстанға бөзден маска тоқып беруге қауқарымыз жеткілікті. Маска әзірлеуге бөздің екі қабаты жеткілікті. Ал дәкеге ең көп сұраныс «Экофарм» дәріханасынан келіп түсті»,- дейді мекеме директорының орынбасары Бақытжан Абекова.
«Азалада» 430 жұмысшы бар. 2 цех күндіз-түні жұмыс істеуде. Ал мұнда әзірлеген дәкелер "Гауһар" тігін фабрикасына жеткізіледі.
Мұнда 450 қызметкер күніне 500 мың масканы тігуге мүмкіндігі бар. «Қазір күніне 40 мың дана маска шығарып жатырмыз. Егер ұсыныстар түсіп жатса күніне 50 мың дана шығаруға дайынбыз. Бұл масканы жуып, үтіктеп, бірнеше рет пайдалануға болады. 16 қабаттан тұрады. Әрине бізде резіңке тапшылығы сезілуде. Себебі елімізде резіңке шығаратын зауыт жоқ. Шетелден келеді. Ал қазір өздеріңізге мәлім шекаралар жабылып жатыр. Бір маскаға 60 сантимер резіңке кетеді. Алдағы уақытта бұл мәселе оңынан шешіледі деген ойдамын »,- дейді фабриканың атқарушы директоры Манат Төлеутаева.
Осылайша қала тұрғындарының сұранысы толық қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, маскалардың бағасы тұрақты бағамен сатылады.