Шымкент қаласында білікті мамандары мен құрал-жабдықтары жеткілікті жаңа клиниканың тұсауы кесілді. «Otau med» деп аталатын бұл клиниканың салынуына танымал кәсіпкер, меценат, «Otau Group» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов себепші болды. Ақжайық шағынаудандағы тұрғын үйлердің маңынан орын тепкен клиника көпшілікке қуаныш сыйлады. Енді шағынаудан тұрғындары ауыра қалған жағдайда алысқа шабылмай, дәл үйлерінің түбіндегі клиникаға жүгіне алады. Клиника заман талабына сай жабдықталған. Яғни еуростандарттарға сәйкес. Клиника директоры Ақылжан Пазиловтың айтуынша, клиника көпсалалы қызмет көрсетеді. Яғни, науқастар әр есікті тоздырмай, барлық амбулаторлық-емханалық көмектің барлық түрін осы жерден ала алады. Науқастар медициналық орталыққа қабылдауға онлайн жазыла алады. Сонымен қатар, электронды карта алған науқастар дәрігердің кестесін онлайн көріп, талдау және зерттеу нәтижелерін онлайн түрде біле алады. Ең соңында науқастар зерттеу нәтижелерін пошта арқылы қабылдайды.
- Болашақта клиника ТМККК шеңберінде 25 мың адамды тіркеп, бір ауысымда 300 адамға сапалы қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Және «баршаға қолжетімді медицина» міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асырмақ, - деді клиника директоры Ақылжан Пазилов.
Тағы айта кетерлігі, клиникаға келушілер Chesk up (ауруды ерте диагностикалау бағдарламасы) бойынша қызмет ала алады. Және педиатрия, жүктілікті жүргізу, оңалту орталығы, ерікті медициналық сақтандыру бойынша қызмет түрлерін пайдалана алады.
Ашылу рәсімінде қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимирхан Варзилов Қайрат Молдасейітовке алғысын білдірді.
Клиниканың ашылу салтанатында қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр лентаны қиып, медициналық мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.