Әлемнің түкпір-түкпіріне тараған короновирусты ауыздықтауға шымкенттік кәсіпкерлері де үлес қоспақ. Белгілі мұнай магнаты, меценат Серікжан Сейтжанов еліміздің осындай қиын қыстау кезеңінде қарап отыруды жөн көрмеген. Ол өз кәсібінің табысы есебінен 100 миллион теңгені арнайы қорға аударды.
«Елдегі төтенше жағдай халыққа оңай тимегенін білемін. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, осы ауыртпалықты көтеруде біздің де үлесіміз болсын деп әрі Елбасының тапсырмасына орай қорға қаражат аударуды азаматтық парыз деп санадым»,- деді «Саутс Ойл» ЖШС мұнай компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов.
Кәсіпкер басқаратын компания көп салалы. Алда өзі басшылық ететін медициналық академияда емдеу ісі сынды факультетті ашып, көп салалы клиника ашуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде медицинадан бөлек білім беру, өндіріс саласын басқарған кәсіпкердің қарамағында 10 мың 500 қызметкері бар. Цемент өңдеуде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, 800 маркасын нарыққа шығарған. Барлық қызметкерлеріне ай сайынғы жалақысын беріп, тиісті жағдайларын жасап отыр. Ел кәсіпкердің азаматтығына ризашылығын білдіруде. Себебі меценат бұған дейін де талай қайырымдылық шараларға белсене қатысып жүрген.