Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалада енгізілген шектеу шаралары халыққа әр 2 сағат сайын жеткізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Қала тұрғындарын үйде болуды, аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауға және барлық санитарлық және гигиеналық нормаларды сақтауға шақырамыз. Үйде тұрмыстық өрттерді, улы және табиғи газбен улануды болдырмау мақсатында электр және басқа да құралдарды пайдалану кезінде барлық қауіпсіздік шараларын немесе өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұраймыз. Шымкент қалалық ТЖД жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқаруда. Департаменттің жеке құрамы барлық бетперделер мен дезинфекциялық құралдармен қамтылған. Департаменттің барлық бағынысты бөлімшелерінде дезинфекциялық жұмыстар атқарылған, қазіргі таңда әр 2 сағат сайын үй-жайлар мен жабдықтарды залалсыздандырылады», - деді Нұрболат Дербісов.
Сондай-ақ, енгізілген шектеу шаралары туралы халыққа жеткізу мақсатында департаментте екі мобильді автокөлік ұйымдастырылған. Олар белгіленген бағыт бойынша дауыс зорайтқыш арқылы шектеу шараларын халыққа жеткізуде. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті атқарылуда.
Шымкент қаласы аумағында 18 блок-пост жұмыс істеп, құқық қорғау органдары өз міндеттерін атқаруда.
Департаменттің тәулік бойғы 101 және 112 телефон нөмірлері арқылы халықтан хабарламалар қабылдануда. Барлық телефон хабарламалары бойынша көмек көрсетілуде.