Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникация орталығында «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов және «Birgemiz-Shymkent» қоғамдық қорының директоры Тасқынбай Бүрлібаев «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында коронавирусқа қарсы күресті күшейту, тұрғындарға көмектесу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жайында баспасөз-конференциясын өткізді.
Елбасы, "Nur Оtan" партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың 2020 жылғы 20 наурыздағы Үндеуіне орай елімізде «Біз біргеміз!» республикалық акциясы бастау алған. Елбасы Үндеуіне алғашқы болып қолдау білдірген Шымкенттік партия белсенділері - "Береке" корпорациясының негізін қалаушы Рәшкүл Оспанәлиева, «Банұр-1» ЖШС бас директоры Нұрпейіс Анарбеков, "Арт Құрылыс" ЖШС директоры Әнуар Төлендиев, «Бал Текстиль» ЖШС директоры Талғат Исхахов әрқайсысы «Шымкент қайырымды қала» қорына 5 млн тенгеден аударды.
- 20 наурыздан бастап "Nur Оtan" партиясының белсенділері, «Jas Otan» жастар қанатының жастары мен еріктілер жұмылдырылып, жәрдемге аса мұқтаж отбасыларға сақтану шараларын ұстана отырып, «байланыссыз» тәсілмен санитарлық қорғану жиынтықтары және бірінші кезекте қажет өнімдер мен азық-түлік тапсырды. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар ұсынған «Ізгілікте жарысайық» және «Мейірім» қайырымдылық қорларынан алынған. Бүгінгі таңда қаладағы жәрдемге аса мұқтаж 1000-нан астам отбасыға қажетті тауарлармен көмек көрсетілді, - деді Бахадыр Нарымбетов.
Елбасының бастамасымен ашылған «Birgemiz» қоғамдық қоры азаматтарға, оның ішінде короновирустан зардап шеккендерге атаулы және әлеуметтік қолдау көрсету, ұйымдастыру-практикалық іс-шаралар өткізу мақсатында құрылып, республикалық және аймақтық деңгейде жұмыс жүргізеді.
Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы тұруға бағытталған карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап «Nur Otan» партиясы мен «Jas Otan» еріктілері мұқтаж адамдарға қажет тауарларды контактісіз жеткізуді уақытша тоқтатты. Бұл шешім инфекцияның бүкіл Қазақстан бойынша таралуына байланысты тұрғындардың да, еріктілердің де денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қабылданды.
Сонымен қатар, халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында аудан әкімдіктері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен және қайырымдылық қорларымен бірлесіп, аса көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізуде. Бүгінгі таңда 21864 азамат тізімге енгізілген.
Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бұдан былай азық-түлік берілмейді. Көмек тізім бойынша есеп-шотқа ақша аударумен шектеледі.