Қазір еліміздегі колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқыту режиміне көшкені мәлім. Енді бұл санатқа оқушылар да қосылады.
Төтенше жағдайға байланысты облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Ontustik» телеарнасы және адами әлеуетті дамыту басқармасы жаңа жобаны қолға алды. Енді сәуір айының алтыншы жұлдызынан бастап Оңтүстік телеарнасында өңірдің ең үздік ұстаздары онлайн режимінде дәріс оқиды.
Бұл жердегі ең басты ерекшелік, аталған жоба биыл мектеп бітіретін түлектердің білімін жетілдіруге көмектеседі. Өйткені, үздік ұстаздар онлайын сабақта негізінен 11 сыныптардың оқулықтарындағы тапсырмаларды орындайды. Әр сабақтың уақыты 20-30 минутты қамтиды. Осы уақыт аралығында ұстаздар 2-3 тапсырманы түсіндіріп үлгереді. Сөйтіп күн сайын екі пәннің оқытушысы онлайн режиімде дәріс оқиды. Қолда бар мәліметке сүйенсек, биыл өңіріміздегі білім ошақтарында 24149 оқушы мектеп бітіреді. Олардың басым бөлігі ұлттық сынаққа қатысады деп күтіліп отыр. Жаңа жоба сол шәкірттердің білімін жетілдіруге үлкен септігін тигізеді деп күтілуде.
«11 сыныптағы ҰБТ-ға дайындалатын оқушылардың арнайы сабақ кестесін түзіп, өңірдегі ең мықты мұғалімдеріміз дәріс сабақ өтетін болады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұғалімдеріміз өздерінің біліктілігі бойынша көрнекілік құралдарыменен кесте бойынша өтетін болады»,- дейді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ресми өкілі Азамат Оспанов.