Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету үшін құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорынан 21 мың шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
«Birgemiz» қоры 100 мың мұқтаж азаматқа 50 мыңнан тарату жоспарланған. Әйтсе де, бүгінде өңірлерден түскен өтініштер саны айтарлықтай өскен, ал партияның онлайн ресурсына көмек сұрап хабарласушылар саны – екі есеге артқан. «Ешқайда барудың, ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Таяу күндерде аталған қаражат өңірлік қорларға аударылып, әрі қарай ол адамдардың есепшотына түседі. Бұл үшін біз алдын ала бүкіл өңірлермен тиісті меморандумдарға қол қойғанбыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымдарының негізінде көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бекітілген. Әкімдер аталған санаттар бойынша көмек алушылар тізімін ұсынды», - дейді қор төрағасы Руслан Сакеев.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалының мәліметінше, қала аумағындағы төрт ауданда тұратын 21 мың мұқтаж отбасыға 15 сәуірге дейін көмек көрсетуді жоспарлаған. Қазір жоспар толығымен орындалды.
Айта кетсек, қаладағы аз қамтамасыз етілген тұрғындарды қолдау мақсатында қалаға қарасты Абай, Әл-фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімдіктері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізген. Олардың арасынан аса мұқтаж отбасылар іріктеліп, арнайы тізімге енгізілген.