Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, Шымкентте карантин режимі күшейтілсе де бүгінде қаланы абаттандыру, әсемдеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Қаланы көгалдандыру жұмыстары мен тазалығы үшін елеулі еңбек етіп жатқан мекеменің бірі – «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і. Серіктестіктің құрамында 8 бригада бар. Әр бригадада шамамен 40-50 жұмысшы еңбек етеді. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтың кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері 2-бригаданың бір күндік жұмысымен танысып қайтты. 50 қызметкері бар бригаданың алғаш лебі жұмысты таңғы 06-00-ден бастап түскі 14-00-ге дейін атқарады, екінші лебі сағат таңғы 09-00-ден 18-00-ге дейін жұмыс жасайды. Екінші бригада тазалық жұмыстарын қала орталығындағы Ташенов, Тауке хан, Қазыбек би, Орынбаев, Майлы қожа, Түркістан, Желтоқсан, Кемел Тоқаев, Диваев, Жылқышиев көшелерінде жүргізеді.
Жұмысшылардың санитарлық-тазалық талаптарын сақтауы кәсіподақтардың бақылауында. Күніне жұмыс берушілер тарапынан міндетті түрде әр жұмысшыға жаңа бетперде, қолғап, сабын беріледі. Бұдан бөлек, кәсіподақтар жұмысшылардың жалақыларының уақтылы және толық берілуін басты назарда ұстап отыр.
Екінші бригададан карантинге байланысты ешқандай жұмысшы қысқартылып, табысынан айырылмаған. Осылайша, еңбек адамына қамқорлық танытып, жағдайын сұрап, қиын сәтте жанынан табылатын кәіподақтарға еңбек адамдары алғыстарын жаудырды.
Бұған қоса, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратында «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і жұмысшыларына арнайы демалыс орнын белгілеп берілген . Таңғы 6-00-ден бастап қара жұмыс жасайтын жұмысшыларды бөліп-жармай, бірін ана, бірін әке, бірін бауырдай көретін орталық қызметкерлері осындай игі бастаманы жалғастырып келеді.