Шымкенттің бас санитар дәрігері Президенттің Үндеуіне қолдау білдіріп, қаладағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жасаған мәлімдемесінде төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартылатынын жеткізді. Қазіргі жағдайда Президенттің шешімі дұрыс деп есептейміз. Шымкент қаласында соңғы мәліметтер бойынша СOVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 175 адамды құрады. Бұл көрсеткіш қалада карантин талаптарын әлі де қатаң ұстануды қажет етеді.
– Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде жастағы адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Әзірге бұл вирусқа қарсы вакцина жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар, - деп атап өтті Президент.
Тағы бір мәселе - індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетілуде. Осындай шепте жүрген денсаулық, құқық қорғау, төтенше жағдай мамандарының еңбектері де орасан. Бір қуантатыны, қаламызда індеттен 23 науқас айығып шықты.
Дегенмен, Президент айтқандай қол жеткізген нәтижемен шектелуге болмайды. Қалыптасқан ахуал әлі де күрделі. Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал.
Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарына барлық санитариялық талаптарды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп, күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн дегім келеді. Карантиннің алынар күні де алыс емес.
Сол себепті, санитариялық талаптарды орындауда жауапты болсақ, қуанышты жаңалықтың күні де алыс болмас еді.
Төтенше жағдай мерзімінің ұзартылуын түсіністікпен қабылдап, бірлікпен тығырықтан шығайық.
Әбдіманап Төлебаев,
Шымкент қаласының Бас санитариялық дәрігері