Сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай келіп, жақсылық нұры шашуда. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы - Рамазан. Қасиетті айда Шымкентте сауапты істер көптеп орын алуда.
Рамазан айында халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Шара шеңберінде "Nur Otan" партиясының белсенді мүшесі, «Ордабасы» индустриалды аймағының директоры Рысбек Бертаев Шымкенттегі 400 мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтықтарымен көмек көрсетті.
"Nur Оtan" партиясы белсенділері, «Jas Otan» жастар қанатының жастары мен еріктілер көмекті дер кезінде сақтану шараларын ұстана отырып, «байланыссыз» тәсілмен жеткізіп берді.
Рамазан айы - жұмақ есіктерінің ашылып, тозақ есіктерінің жабылатын, шайтанның кісенделетін уақыты. Ораза жай ғана ішіп-жемнен тыйылу емес, ішкі жан-дүниеңді, руханиятыңды тәрбиелеу, тепе-тең ету. Бұл айда ауыр сөз, балағат, өтірік айтудан, бұзақылық жасау сынды жаман әдеттерден бас тартып, барынша ізгілік мен сабырлық танытуға тырысу керек.