«Сақтансаң сақтайды» демекші, қазір кененің өршіп тұрған уақыты. Бүгінде Шымкентте кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 58 968 бас ірі қара мал бүркітіліп, 8 500 бас уақ мал тоғытылған. Бұл жәндіктердің белсенділік маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Ал, оңтүстік өңір үшін кенелер қауіп тудыратын уақыт мамырдың екінші жартысынан маусымның ортасына дейін созылады. Оңтүстік-шығыс және солтүстік өңірлерде мұндай кезең 2-3 аптаға кешірек басталады.
1 455 715 шаршы метр аумақ қора-қопсы мен 297 830 шаршы метр буферлік аумақ залалсыздандырылды. Сонымен қатар 8 саябақ пен 37 гүлзарларға жалпы аумағы 2 867 260 шаршы метрді кенеге қарсы дәрілеу жоспарда бар.
Аталған іс-шаралардың сапалы жүргізілуі үшін, жеке қожалықтардағы қора жайлардың алдымен тазартылғаны жөн.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми орталығының мәліметінше, Қазақстан тұрғындары арасында кене инфекциялары туралы білу деңгейі өте төмен.
Айта өтейік, дәрігерлердің айтуынша, кененің шағуы адам өміріне қауіп төндірмейді. Алайда кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам кенелік энцефалит және Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін.