Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдайды ретке келтіру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасымен шаһарда бүгінге дейін барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 3320 провизорлы орын ашылды. Оның ішінде резервтік 450 орындық провизорлы орын 1 шілде күні жеңіл атлетикалық спорт кешенінен дайындалды. Оған қоса қалада 51 күндізгі стационар ашылды. Нәтижесінде, науқастарға көмек көрсету екі есеге күшейді. Осы орайда қала басшысы ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмектің үзіліссіз жеткізілуін де қадағалап отыр. Мәселен, кеше қажетті орындарды дәрімен қамту мүмкіндігін бағамдау мақсатында дәрі-дәрмек шығаратын өндіріс орны мен ірі қоймаларға барды.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында төртінші категориядағы вирусқа қарсы дәрілерге сұраныс жоғарылаған. Сол себепті қойма компаниялары тапсырыстарын 5 есеге арттырған. Осыған орай «Зерде» дәрілік заттар қоймасы 15 көлік, 5 вагон дәрі-дәрмек алдыруда. «Зерде-Фито» НПО ЖШС-нің директорының айтуынша, бүгінде қалада парацетамолдың 50-ге тарта аналогтік түрі дәріханаларда бар. Көрші аймақтағы Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан сұраныс көптеп түсіп жатыр. Бірақ, ең алдымен, Шымкент қаласын толығымен қамтып болған соң ғана өзге өңірлерге жіберіледі екен.
Осы ретте Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәріханалардағы 77 дәрінің түріне мониторинг жасағанын жеткізгіміз келеді. Нәтижесінде, қаладағы дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екені анықталды. Яғни, ыстықты түсіретін дәрілердің (парацетамол, эффералган, панадол, нурофен, ибупрофен, нимесулид) қоры 238 486 қорапты құраған. Оның ішінде дәріхана қоймаларында – 115 389 қорап, дәріханаларда 123 097 қорап бар. Ал вирусқа қарсы дәрілердің (ингавирин, эргоферон, кагоцел, арпефлю) қоры 38 187 және антибиотиктердің саны (азитромицин, цефтриаксон, цефиксим, амоксициллин, левофлоксацин) 592 899 қорапты құрап отыр.
Айта кетейік, Шымкент қаласында халықтың денсаулығын нығайту мақсатында күндізгі стационар қызметкерлері демалыссыз жұмыс істеуде. Ал барлық ауруханалар мен емханаларға дәрі-дәрмек үзіліссіз жеткізілуде.