Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын.Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалды. Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық музей жанынан республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы құрылды. Ол картада Түркістан облысы Бәйдібек ауданынан «Діни және ғибадат орындары» тізіміне Бәйдібек би кесенесі, Домалақ ана кесенесі енген.
Ақмешіт үңгірі – Түркістан облысының ең танымал көрікті жерлерінің бірі. Осы жерасты мешітімен бірге туристер жол бойында орналасқан Домалақ ана, Бәйдібек ата және Қос ана кесенелеріне бара алады.Үңгір қай кезде пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Миллиондаған жылдар бойы ол жабық болған, жер бетімен байланысы болмаған. Тек ХХ ғасырда ғана үстіңгі бөлігі құлап, қазіргі адамдардың ішіне кіруіне мүмкіндік туған.Бір аңыз бойынша, осы үңгірде үлкен және зұлым айдаһар көптеген жылдар бойы өмір сүрген ұшып бара жатып, қойманың бір бөлігін қанаттарымен қағып құлатқан екен. Оның жойқын әрекеттеріне Сүлеймен пайғамбар тосқауыл қояды. Ол құбыжықты шынжырлаған. Айдаһардың ұйықтап жатқан жері - күн сәулесі түсетін үңгірдің дәл ортасы. Бұдан кейін не болғанын - ешкім білмейді. Әрине, бұл әдемі аңыз. Тек соның арқасында көптеген қытайлық туристер қазіргі Түркістан облысына келе бастады. Айдаһар олардың ұлттық нышаны болып саналатындықтан қызығушылық танытқандары анық. ЭКСПО кезінде гидтердің айтуынша, мұнда Қытайдан 19 туристік топ келген.
Қазақ батырының жоңғарлармен шайқасына қатысты аңыз шындыққа жанасатындай көрінеді. Бірде, батыр Есіркеп Қойкелді жоңғарға қарсы жорыққа аттанғанда, кенеттен нөсер жаңбыр жауып кетеді. Жауынгерлер белгісіз үңгірдің ішінде қолайсыз ауа-райы аяқталғанша күтуге шешім қабылдайды. Аңыз бойынша, олар жайғасып қана қоймай, таң намазын да бір қатарда тұрып оқиды. Онда 10 мыңнан аса адам болған. Біреулері үңгірді Есіркеп Қойкелдінің есімімен атауды ұсынады. Оған батырдың өзі наразылық білдіріп: «Бұл қасиетті Қаратау тауының сыйы. Ол біздің 10 000 мыңға жуық әскерімізді ғана емес, сонымен бірге жылқыларды да қорғады. Біз мұнда таң намазын оқи алдық, және тастар айналаны жарықтандырды. Бұл тегін жер емес, бұл жердің атауы - Ақмешіт болсын»,- деді. Жаңбыр тоқтаған соң, әскер жауды тосып, жоңғарларды ойсырата жеңеді. Осы шайқаста көп қан төгіліп, жер шөгіп, сол түске айналады. Сондықтан сол аймақ Қызылқақ (Қызыл) деп атала бастады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер мен балалар осында жасырынған дейді. Бұл үңгір көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды.
Алайда, қазақ халқында үңгірге қатысты аңыз-әңгімелер ежелден бері бар. Тек жер асты түнелдері арқылы кіретін, сырт жағынан кіре алмайтын үңгір жайлы әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа тарап келеді. Ішінде ғажайыпқа толы мешіт те бар. Уақыт өте келе жер асты өткелдері құлап, мешіт бос қалған.
Өткен ғасырда үстіңгі бөлігі құлап қалған жерасты мешіті қайта ашылып, баспалдақпен жабдықталған, енді кез-келген адам намаз оқып, Алла Тағаладан көмек сұрай алады. Бәрінен бұрын келетіндер - бала сұрағандар мен ауруынан емделгісі келетін жандар. Олар үңгірдің ішіне көтеріліп, бірнеше сағат сонда жүретін болған.
Ақмешіттің қасиетті жер екенін биолокациялық зерттеулер де дәлелдейді. Үңгірдің ішінде қазіргі зерттеушілер адам ағзасына зиян келтіретін белгілерді таба алмады, керісінше, үңгір барлық негативтерді өзіне тартып алып, адамдарды жамандықтан тазартады. Үңгірдің ұзындығы - 200 метр, биіктігі - 25, ені - 65 метр. Бұл өзінің ауқымымен ғана емес, сонымен қатар таңғажайып дизайнымен де ерекше. Іші өте әдемі.
Тек үңгірді сыртқы әлемнен бөліп тұрған кішкене тесік бар. Бірақ үңгірдің ішіндегі және сыртындағы әлемнің айырмашылығы өте зор! Сыртында бірде-бір ағаш жоқ, ал іші жасыл оазис! Мұнда тұт пен қарағай ағаштары өскен. Бір таңғаларлығы, біз келген кезде сыртта 40 градустан жоғары температура болса, ішінде 17-19 градус салқын болды. Үңгірде құстар да мекендейді. Көп туристер құстардың әнін тыңдап, бірнеше сағат отырады. Қабырғалардан үнемі су сылдырап ағып тұрады.
Бұл шөлді аймақта судың қайдан шыққанын ешкім білмейді. Көп адамдар сылдыраған судан бір тамшы болсын, ұстап алуға тырысады. Суды «Ақ-Моланың көз жасы» дейді. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, егер сіз үңгірдің дәл ортасында тұрып, тілек тілеп, сол кезде сіздің басыңызға бір тамшы су ағып түссе, онда сіздің тілегіңіз міндетті түрде орындалады деген де сенім бар екен. Алайда, тамшы түспесе де - маңызды емес. Сонымен қатар, үңгірдің сыртына тастарды жинап тұрғызып, тілек тілеуге де болады екен. Міндетті түрде орындалады дейді.
Ер есімі – ел есінде
Бәйдібек ата кесенесі – еліміздегі сәулет ескерткіштерінің бірі. Бәйдiбек аyданы, Бәйдібек ата аталатын ауылдың аумағында орын тепкен. Бұл жердегі бейіт ертеректе салынғандықтан, бірнеше мәрте қайта бұзылып, жөндеуден өтті. Ол күмбезді-мазар Бәйдібек Қарашаұлының басына қарахандықтардың үлгісінде, Балабөген өзенінің биіктеу жағасында тұрғызылған. Ал сәулетті ескерткіштің шығыс үлгісіндегі қазіргісі «Бәйдібек – Сыланды» қайырымдылық қopының бастамасымен өткен ғасырдың соңына қарай, Бәйдібек ата мeн бec aнaның (Мaрay, Зepiп, Жұпap, Қapaшaш, Сылaнды) қорымының орындарына орнатылған.
Бұл кесенені салу үшін Орталық Aзия мен оңтүстіктегі ең тaңдayлы деген құpылыс мaтeриaлдapы қолданылды. Атап айтар болсақ, Өзбекстанның астанасында өндірілетін сары кірпіштер, Жамбылдағы, Қаратаудағы қызыл гранитті тастар, Қошқар ата тау жыныстарының тақтастары мен ақшыл мәрмәрлар әкелінді. Кесенені келбетті, әрі сапалы тұрғызу үшін сонау Самарқанд пен Ташкенттен, сондай-ақ жергілікті мықты шеберлер тартылды. Бәйдібек ата кeceнeciнің ғибaдaт бөлмесiне Елбасымыз Нұрcұлтaн Нaзapбaев арнайы алты тoннa болатын аппақ мәрмәрлі құлпытac қойдыртқан еді.
Бәйдiбeк Қapaшaұлының өмірі мен ерлігі, өcкeн opтacы, замандастары, әйелдері туралы нақты тарихи деректер Қазақстанның шежіресінде айтылады. Ал бабаның aңыз-әңгімелері, нақыл сөздері жайында ғaлым-этнoгpaф Н.Аристов пен қазақтан шыққан саяхатшы-географ Ш.Уәлиханов жазбаларында баяндалған. Бәйдібек ата өз елін жаудан қорғаған, басын біріктірген, ақылман қолбасшы, өз есімін тарихта қалдырған тұлға. Ол қазақтың негізгі рулары Aлбaн, Сyaт, Саpыүйciн, Дyлaт, Шaпыpaшты, Ыcты, Oшaқты руларының түпкі атасы болып табылады.
Бәйдібек Қарашаұлы ұлтымыздың аумақтық, этникалық тұтастығын сақтап, қалыптастыру үшін күш салған адам. Ол Шығыс Қаратауда ғұмыр кешіп, Бәйдiбeк ауданында өмірден өткен. Мүрдесі Бала бөген өзінінің биіктеу жағалауында жатыр. Ташкент, Қаратау, Жетісу жерлерін мекен еткен халықты басқарып, өз парасатылығымен бірлікте ұстап отырған. М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде 12-ші атасы Майқы би өз заманында даналығымен, дүйім жұртқа сөзі өткен, данышпан адам болғанын жазады. Сондай-ақ, тағы бір арғы атасы Бәйдібек би екенін, ол қазір айтылып жүрген беріректе емес, 6-7 ғасырларда ғұмыр кешкені туралы дәйектер келтіре кетеді. Оның әкесі Қарашаның өмір сүрген жылдары Қытай жылнамаларында көрсетілген екен.
Ілгеріде айтып кеткен ғалымдардың жазбаларында көрсетілгендей Бәйдібек қазақ елінің құрылуына ықпал еткен бірнеше тайпалардың түпкі атасы болып саналады. Шежіреде айтылған кей мәліметтерге жүгінгсек, Бәйдібек біздің 3 ұлы бірлестігіміз Байшoра, Жаншoра мен Қарашoра, яғни Ақарыс, Бекарыс, Жанарыстың үлкені Байшорадан туған Майқы – Бақтияр – Үйсін – Ақсақал – Қарашадан туған ұрпақ. Ал Бәйдібек атаның өзінде үш әйел болған. Үлкен жары Саpы бәйбішеден Саpыүйciн, одан кейінгі әйелі Зеpіптен Жaлманбет (одан Шапыpашты, Ошaқты, Ыcты тараған екен), үшінші әйелі көпке үлгі болған, айтқан нақылдары әлі күнге дейін халық жадында жүрген Домалақ анадан Жарышақ (одан Албан, Сyaн, Дyлaт тараған) туған. Міне, осылайша қазақ ұлтының негізін қалаушы бірнеше рулар шыққан.