Шымкент қаласында жыл басынан бері 2000-ға жуық жастар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 6 ай мерзімінде «Жастар практикасы» бағытында тәжірибе жинақтады.
Тәжірибе жинап, әрі жұмыс орнында жақсы нәтиже көрсетіп, тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың бірі –Айдана Исабекова. Ол 2019 жылы «Азимед» колледжінде медбике мамандығы бойынша білім алды. Оқу бітірген соң, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, ағымдағы жылдың басында қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелді. Кейінен орталық мамандары жұмыс іздеуші жасқа жұмыс табудың тиімді жолын тауып, «жастар практикасына» қатысуды ұсынды.
- Медицина мамандығы бойынша жұмыс жасап, көпшілікке көмегім тиіп, білікті маман болғым келеді. Осы клиникалық емханада алдымен жастар бағдарламасымен тәжірибе жинап, содан соң маған бұл жерге тұрақты жұмысқа қалуды ұсынды. Қуана бұл ұсынысты қабылдап, алдағы уақытта жақсы көрсеткіштерді көрсетемін» - дейді бағдарлама қатысушысы.
Ағымдағы жылдың 3 тамызынан бастап Айдана Исабекова қаладағы №1 клиникалық емханасында медбике қызметкері ретінде тұрақты жұмысқа орналасты.
Жастар практикасы – бұл мамандық бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатымен жүргізілетін оқу орындарының түлектерін уақытша жұмысқа орналастыру. Жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Айта кетсек, биыл «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 2500 жасты уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінде 2000-ға жуығы қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданды. Ал, жыл басынан бері 6 ай мерзімінде тәжірибе жинақтағандардың ішінен 15-ке жуығы тұрақты жұмысқа орналасты.