
Облыстың туристік әлеуеті жоғары аудандарының бірі – Төлеби ауданы. Табиғаты ерекше бұл өңір Батыс Тянь-Шань сілемдеріндегі көрікті шатқалдарымен, саф ауасымен және қайталанбас табиғатымен ерекшеленеді. Аудан аумағындағы Қасқасу, Біркөлік, Ақмешіт секілді демалыс орындары бүгінде мыңдаған туристердің сүйікті бағытына айналған. Ал енді Қасқасу шатқалы Түркістан облысының ғана емес, тұтас Қазақстанның туристік картасын өзгертетін ауқымды жобаның орталығына айналғалы отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеров тау туризмі мен курорттық инфрақұрылым саласындағы халықаралық жетекші компания басшылығымен кездесіп, Қасқасу тауларында жүзеге асырылатын бірегей демалыс аймағының тұжырымдамасын жан-жақты талқылады. Келіссөздер барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретін халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортты кластер құру мәселелерін қарастырды.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналмақ. Мұндай ауқымды кешен өңірге келетін туристер санын бірнеше есеге арттырып, туризм индустриясының жаңа кезеңін бастайды.
Жоспарға сәйкес, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан тау бөктерінде әлемде теңдесі жоқ экологиялық демалыс аймағы бой көтереді. Болашақ курорт аумағында мұз пішінінде салынатын ерекше қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, ойын-сауық орталықтары, спорт кешендері мен бизнес-кластерлер орналастырылады. Бұл нысандар тек туристердің демалуына ғана емес, халықаралық форумдар мен іскерлік кездесулер өткізуге де мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі – оның экологиялық бағытта жүзеге асырылуы. Құрылыс барысында табиғатқа зиян келтірмейтін заманауи технологиялар қолданылып, нысандардың басым бөлігі тас, ағаш және қоршаған ортамен үйлесетін табиғи материалдардан тұрғызылады. Мұндай тәсіл табиғи ландшафттың сақталуына ықпал етіп қана қоймай, Қасқасудың ерекше сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Батыс Тянь-Шаньдағы Өгем жотасында орналасқан Қасқасу аумағы Шымкент қаласынан шамамен 60 шақырым жерде жатыр. Сарапшылар шатқалдың табиғи-рельефтік ерекшеліктері, қар жамылғысының тұрақтылығы, қолайлы климаттық жағдайы және экологиялық тазалығы халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортын дамытуға толық мүмкіндік беретінін атап өтеді. Сонымен қатар аумақтың көлік қатынасына қолайлылығы мен ірі мегаполиске жақын орналасуы да жобаның тиімділігін арттырады.
Курорт бірнеше функционалды аймаққа бөлінеді. Туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында заманауи аспалы жолдар салынып, тау шыңдары мен негізгі демалыс орындарын байланыстыратын кешенді инфрақұрылым қалыптастырылады. Мұнда қысқы спорт түрлерімен қатар жазғы туризмді дамытуға арналған арнайы аймақтар қарастырылады. Нәтижесінде Қасқасу тек қыс мезгілінде ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін туристік орталыққа айналмақ.
Жобада табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылған. Соның ішінде көлемі шамамен 3 миллион текше метр болатын су сақтау жүйесін құру көзделіп отыр. Арнайы инфрақұрылым арқылы қар мен мұз сулары жинақталып, жасанды су айдындары мен шомылу аймақтарын қалыптастыруға пайдаланылмақ. Бұл шешім табиғи ресурстарды үнемді пайдалануға және курорттың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Болашақ курорттың барлық қызметі цифрлық технологиялар арқылы басқарылмақ. Ақылды жасанды интеллект жүйелері туристік ағындарды реттеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергия тұтынуды оңтайландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қолданылады. Сарапшылардың пікірінше, Қасқасу Қазақстандағы ең технологиялық туристік нысандардың біріне айналуы мүмкін.
Жоба бастамашыларының айтуынша, «Қасқасу» әлем жұрты жақсы білетін Франциядағы әйгілі «Куршавель» және өзге де танымал тау-шаңғы курорттарына балама болуға қабілетті. Алайда жаңа жобаның басты артықшылығы – оның ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, табиғатпен үйлесімді дамуы. Бұл халықаралық тәжірибе мен қазақы болмысты ұштастыратын ерекше туристік орталық болмақ.
Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі заманғы тау-шаңғы курортының құрылысы өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға, туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар жоба Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, өңір экономикасының жаңа драйверіне айналады.
Құрылыс кезеңінде және жоба толық іске қосылғаннан кейін 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді. Қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары, көлік қызметі, сауда және сервистік қызмет көрсету салалары да қарқынды дамиды деп болжануда.
Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Түркістан облысы – тарихи мұрасы бай, табиғи әлеуеті зор өңір. Қасиетті мекенімізде күллі түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Ясауи кесенесі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени нысандар шоғырланған. Сонымен қатар Сарыағаш секілді емдік қасиетімен танымал шипажайларымыз, табиғаты көркем тау бөктеір мен ерекше туристік бағыттарымыз жеткілікті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз өңірде туризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Негізгі мақсатымыз – тарихи, мәдени және табиғи артықшылықтарымызды тиімді пайдалана отырып, Түркістанды халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру. Осы тұрғыда Қасқасу жобасының маңызы зор. Бұл тек демалыс орны ғана емес, өңір экономикасына серпін беретін, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашатын, инвестиция тартатын және Түркістанның жаңа брендіне айналатын ауқымды жоба болмақ. Ең бастысы, жоба табиғатты сақтай отырып, заманауи технологияларды енгізу арқылы тұрақты туризм қағидаттарына негізделеді», – деді облыс әкімі.
Жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу тау-курортты қаласы Түркістан облысының жаңа брендіне айналып, Қазақстанның туристік картасындағы ең ірі тартымды орталықтарының біріне айналмақ. Табиғатпен үндескен заманауи инфрақұрылым, жоғары технологиялар, ерекше сәулеттік шешімдер мен халықаралық стандарттарға сай сервис өңірдің туристік әлеуетін жаңа белеске көтеріп, Түркістанды Орталық Азиядағы жетекші туристік бағыттардың қатарына шығаруға жол ашады.
