2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Жыл басынан бері жастар саясатын жетілдіру бойынша ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай шараның бірі Түркістан қаласында өтті. «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған «WorldSkills TURKESTAN – 2019» облыстық чемпионаттың мақсаты жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру.
Бастау алған сайысқа 47 колледжден 233 студент қатысуда. Жастардың ортасынан табылған облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысушыларға сәттілік тіледі. «Біздің жастарымыз бос қиялмен өмір сүрмеуі қажет, керісінше, техникалық мамандықтарды игеріп, ел экономикасын көтеруге үлес қосулары керек. Жастық шақта жалындап, білім алып, түрлі додаларға түсіп шыңдалған жөн. Өйткені сіздер – қоғамның қозғаушы күшісіздер. Бүгінгі сайыста нағыз білімділер жеңіске жетіп, елдің дамуына үлес қоса берсін!», – деді облыс әкімінің орынбасары Мәлік Нұржанұлы.
Облыстық чемпионат техникалық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, тамақтандыруды ұйымдастыру салаларына қатысты 33 сала бойынша өткізіледі. Чемпионаттың І дәрежелі диплом иегері «WorldSkills KAZAKHSTAN – 2019» ұлттық чемпионатына жолдама алады.
Еске сала кетейік, 2018 жылы Астана қаласында өткізілген «WorldSkills Kazakhstan – 2018» Ұлттық чемпионатына Түркістан облысының атынан 9 студент жіберіліп, оның 7-і жүлделі орындарға, яғни 2 алтын, 3 күміс, 1 қола, 1 ерекше медальонға ие болды.