Мақтаарал ауданында спорт мекемелерінде спорттың 12 түрі дамытылып, 57 жаттықтырушы 1461 спортшыны спортқа баулып отыр. Ағымдағы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 38684 адамды құрап, барлық жастағы тұрғындардың қамтылуы 29 %-ға жеткен. Бұл туралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Татеев аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтты.
Бөлім басшысының айтуынша, бекітілген жоспарға сәйкес жылдың бірінші тоқсанында жалпы 37 спорттық іс-шара өткізіліпті. Қазіргі таңда ауданда 2 спорт мектебі және "Мақтаарал" футбол клубы жұмыс істеуде. Аталған спорт мекемесінің жаттықтырушылары мен әдіскерлері жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында ашық сабақтар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда үш мүгедек жасөспірім спорттың қол күрес түрімен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Аталған спортшылар Қол күресінен 2019 жылдың 26-30 наурыз күндері Талдықорған қаласында өткен ҚР Чемпионатына қатысып, үшеуі де жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Осылайша 2019 жылдың маусым айында Қырғызстан Республикасында өтетін Азия Чемпионатына жолдама алған.
Бөлім басшысы өз есебінде ауданда 244 спорт нысандары тіркелгенін, оның ішінде 54 спорт залы, 188 спорт алаңшасы, 2 стадион бар екенін тілге тиек етті. Аталған спорттық нысандарға аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануларына мүмкіндіктер қарастырылған.