Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр Мақтаарал ауданына сапарлатып, ондағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.
Ең алдымен Е.Садыр Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан "Сракулова" жеке кәсіпкерлігінің қаз бағу фермасымен танысты. Жобаның құны 25 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер Айгүл Сракулованың айтуынша, қазіргі таңда қаздың басы 2600-ге жеткен. Негізінен 5000 бас қазға дейін бағуға ферманың мүмкіндігі бар. Егер, кәсіпкердің осы ойы жүзеге асса қосымша тағы 5 адамды жұмыспен қамтымақ.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары "Хамро ата" шаруа қожалығына аялдады. Қожалық иесі Абдужалил Боев құны 20 миллион теңгені құрайтын жалпы көлемі 5 гектар жерге алма бағын өсіріп жатыр. Өз қаражаты есебінен іске асқан жобаның арқасында 6 адам жұмыспен қамтылған.
Е.Садырдың келесі аялдаған жері - пленка астында егу технологиясын қолдана отырып жылына 2-3 рет өнім алу әдісін қолданып жатқан "Сабыр" және "Вюгар" шаруа қожалықтары.
"Сабыр" шаруа қожалығының басшысы Ертуған Көшербаев қыстың қақ ортасында 12 гектар жерге қырыққабат егіп, ерте көктемде 480 тонна өнім алған. Енді дәл сол жерге қауын егіп, тағы да 400 тоннаға жуық өнім алуды көздеп отыр. Сондай-ақ, "Вюгар" шаруа қожалығының басшысы Айдарәлі Әскеров 3 гектар жерден 120 тонна қырыққабат өндіріп, екінші рет 90 тонна қауын өнімін алу үшін жаңа технологияны тиімді пайдалануда.
Ербол Әбілхайырұлының соңғы аялдаған нысаны - Жамбыл ауылдық округінде орналасқан "Т.Срайылов" жеке кәсіпкерлігінің мал бордақылау алаңы.
Тыстабай Срайыловтың қазіргі таңда 2,5 гектар аумақты алып жатқан және құны 120 миллион теңгені құрайтын фермасы бар. Оның ішінде 200 бастық қора-жай дайындалып, жем-шөп сақтайтын қоймасының құрылысы аяқталған. Жеке меншігіндегі 10 гектар егістік жеріне жоңышқа еккен. Ендігі мақсат - мал басын көбейту үшін үлкен көлемде несие алып, тағы да 20-ға жуық жұмыс орнын ашу.