Ағымдағы жылы Бәйдібек ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 93 мың гектардан астам болса, облыс көлемінде 823 мың гектар аумаққа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың га артық. Бүгінгі таңға 127,4 мың га масақты дақылдар жиналып, 19,8 центнерден 252,5 мың тонна астық жиналған. Бұл туралы мамандар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Бәйдібек ауданына жасаған сапары барысында хабарлады.
Өңір басшысы сапарын алдымен Мыңбұлақ ауылдық округі, Нұра елді мекеніндегі «Салюрбей Груп» ЖШС-нен бастады. Серіктестік мақта егуді қолға алған. Жобаға сай ақ алтыннан гектарына 40 центнер өнім алмақ ниетте. Бүгінде жалпы 250 гектарға егілген мақтаның күтімі жасалуда. Арнайы қазылған ұңғыма арқылы суарылуда. Онда 10 адам еңбек етеді.
Бұдан соң, облыс әкімі Ақбастау ауылдық округі «Қозыке» өндірістік кооперативіне ат басын бұрды. 1992 жылы құрылған кооператив асыл тұқымды бұқалардың санын көбейтуде. Ал баптап отырған сиырларының саны бүгінде 250-ге жеткен. Сондай-ақ, кооперативтің егістік алқабында мақта, жоңышқа, күздік бидай егілген. Мұнда 18 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндірістік кооператив қажетті техникаларын да түгендеп алған.
Кейін Өмірзақ Естайұлы Боралдай ауылдық округі, Талап елді мекеніндегі «Tau Alma Bak» ЖШС-не де аялдады. Интенсивті алма бауы 45 га жерге орналасқан. Алқапта шабдалы мен алхоры жеміс талдары егілген.
Жалпы атқарылған жұмыстарға қаныққан облыс басшысы аудан басшылығына суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып, ет экспортын арттыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ, шаруаларға қажетті мемлекеттік қолдаулар мен жер телімдері кедергісіз қолжетімді болуын қадағалауды жүктеді.