Шымкенттің тарихы қаңлы дәуірінен бастау алады

24.jpg 

Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қытай, Түркия,
Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.
Олардың қорытындысы бойынша Қазақстанның сәулеті, этнографиясы және тарихына қатысты шамамен 5 мың жазба және баспа деректер алынды. Нәтижесінде 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.

Shyndyg.kz  ақпараттық сайтының хабарлауынша, ұлт тарихы мен мәдениетін зерттеу, тану және насихаттау бағытындағы жұмыстардан Шымкент қаласы да шет қалмады. Мемлекеттің жан-жақты қолдауымен жүзеге асқан зерттеу жұмыстарының арқасында Шымкенттің 2200 жылдық бай тарихы бар көне қала екені ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Республикаға белгілі археолог Бауыржан Байтанаев жетекшілік еткен ғалымдар Шымкенттегі ескі қалашықта ұзақ жылдар бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Табылған деректерді зерттей келе мамандар Шымкенттің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан, яғни, Сырдарияның орта және төменгі тұстарында өмір сүрген әйгілі Қаңлы мемлекеті дәуірінен бастау алатынын дәлелдеп шықты.
Еуроцентристік көзқарастардың ықпалымен қалыптасқан танымда көне Қазақстан көшпелілер отаны болып саналатын. Алайда, археологиялық қазбалар біздің атамекенімізде көне дәуірлерде қалалар көп болғанын, мұнда толыққанды қалалық мәдениет қалыптасып, ғасырлар бойы салтанат құрғанын көрсетіп отыр. Ғалымдар көне Қазақстан аумағында алғашқы қалалар сонау қола дәуірде пайда болғанын алға тартады. Археологтардың мәліметтері Отырар, Сайрам, Түркістан және Тараз секілді қалалардың 2000 жылдық болғанын айғақтайды. Ал, Шымкенттің одан да тереңде жатқан 2200 жылдық тарихы барын дәлелдеу – отандық тарих және археология ғылымының елеулі жетістіктерінің бірі.

Жалпы қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның барлығы Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Бүгінде Әбдул-Әзиз баб, Ибрагим ата, Қожа Талих, Мірәлі баб, Қарашаш ана кесенелері мен Қызыр мұнарасы және Сайрам (Исфиджаб) қалашығы секілді ескерткіштерді қалпына келтіру, айналасын абаттандыру және оларды туристердің келуіне дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, жергілікті маңызға ие 8 ескерткіш бар.

 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер