Шымкент қаласы «Арбат» алаңында Туристік полиция қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Туристік полицияның қызмет көрсету жөніндегі инспекторы полиция аға лейтенанты Диана Есенгельдиева күнделікті қала қонақтары мен өзге ұлт өкілдеріне өз жұмысы туралы түсіндіріп, барлық сұрақтарына жауап беруге тырысады. Туристік полицияда қызмет ету үшін ағылшын, орыс және қазақ тілдерін еркін меңгеру керек. Осындай қасиеттері бойына сіңген Диана Есенгельдиева күнделікті «Бұл қандай бекет?» деп сұраған азаматтарға толық мәлімет береді.
Туристік полицияның басты міндеті - келген туристер мен қонақтарға қызықтырған сұрақтар бойынша кеңестер, ақпараттар беру. Сондай-ақ, шетелдіктерді және инвесторларды тарту үшін, шетел азаматтарының елімізге келген кездегі қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін қызмет атқарады.
Туристік полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен, планшеттермен, рациямен жабдықталған. Олар мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін, еліміздің тарихын білуі тиіс. Сондай-ақ, адамдармен тез тіл табыса білетін және жедел әрекетке әрдайым дайын болуы керек.