Жаз мезгілі туристер ағыны артатын уақыт. Қаламыздың шуақты ауа райы кез-келген демалысты таңғажайып етіп өткізуге мүмкіндік береді.
Дәл осындай таңдау жасағандардың бірі – отбасылық жұп Петер мен Андрейя. Олар өздерінің биылғы еңбек демалыстарын – Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өткізуді жоспарлаған. Германиядан келген қонақтарға орталық өкілдері қала аумағындағы ерекше туристік нысандар туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығына барудың туристік маршрутын түсіндірді.
Ақсу-Жабағылы бойынша экскурсияны қорық кеңсесі орналасқан Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Жабағылы елді мекенінен бастаған жөн. Жабағылыға жету үшін Алматыдан 600 шақырым, Шымкенттен 100 шақырым жүріп өтуіңіз керек. Теміржол арқылы сапарлайтын болсаңыз, Түлкібас бекетінен түсіп, қалған 18 шақырымды жеке не бағдарлы таксимен еңсеруіңізге болады. Сонымен бірге «Алматы – Ташкент» тасжолымен жүретін автобусқа мініп, Ақбиік бекетіне дейін жетіп, қорыққа дейінгі 10 шақырым жолды таксимен жүріп өте аласыз. Ақбиіктің қонақжай халқы келген қонағын көліксіз қалдырмасы анық.
Шырайлы Шымкенттен Жабағылы жеріне жеткізер жол «Айна» базарының автобекетінен немесе теміржол вокзалының кіреберісінен басталады. Біріншісінде бағдарлы автобусқа мінесіз, екіншісінде такси қызметіне жүгінесіз.