Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қазыбек» әмбебап базарына, «Шаһан-2», «Сайман» және «Hyper house» сауда орталықтарына барды. Ондағы санитарлық жағдайларды бақылаған шаһар басшысы бағаның тұрақтылығын да назарда екенін жеткізді.
Мұрат Дүйсенбекұлы бүгінгі таңда әкімдік сауда орындарында сақтық шараларын қамтамасыз етуге және бағалардың өсуіне жол бермеуге көңіл бөліп жатқанын мәлімдеді.
«Сауда орындарына келген барлық тұрғындарды бетперде киюге міндеттеу керек. Ел тыныштығы мен тұрғындар денсаулығы - басты назарда. Белгіленген тәртіппен жүрсек, қиындықтарды бірге жеңеміз», - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Береке Дүйсебековтің айтуынша, әкімдік жанынан құрылған мобильді топтар күн сайын базарлар мең дүкендердегі бағаларды және дезинфекциялық жұмыстарды қадағалауда. Кейбір тауар түрлерінің қымбаттауына орай тексерулер жүргізіліп, тиісті орындарға хаттар жолданған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен жедел топ құрылған. Барлық тиісті мамандар қаладағы базарлар мен сауда орталықтарында, дүкендерде, әуежай мен теміржол вокзалында, автовокзалдарда дезинфекциялау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.