Бүгінгі таңда әлемде таралып жатқан індетке қарсы шаралар Шымкентте қарқынды атқарылуда. Халық арасында медициналық маска мен қолға арналған антисептиктерге сұраныс жоғары. Сондықтан үшінші мегаполистегі антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмыс қуаттылығын арттырған. Қала тұрғындарының сұранысын қамту мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Асем» ЖСШ-нің жұмысымен арнайы барып танысты.
«Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын күніне 4 тонна зарарсыздандыру өнімдерін шығаруда. Ондағы 30-дан астам жұмысшы үш ауысымда жұмыс істеуде. Кәсіпорын жұмысымен таныстыру барысында мекеме басшысы Мұхит Асанов нарықта сұраныс туындап жатса, өндіріс қуаттылығын арттыруға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мегаполистегі ірі сауда орталықтардың бірі «Mega Planet» ойын-сауық орталығының жұмыс істеу режимімен танысты. Аралау барысында әкім келушілерге сақтық және санитарлық шаралары туралы кеңінен түсіндіру қажет екенін айтып, бекітілген режимде жұмыс істеуді талап етті. Айта кетейік, аталмыш орталықтың алдында келуші қала тұрғындарының қолдары арнайы антисептикпен тазартылуда. Қазіргі таңда қаладағы барлық нысандарда, тамақтану орындарында антисептик құтылары орнатылған. Тұрғындардың денсаулығы басты назарда.