Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың арасында көптеген сұрақтар туындауда. Денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, азық-түлік бағасына қатысты және тағы басқа сауалдарға шұғыл жауап беріп, дер кезінде шешім қабылдау үшін Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан бірыңғай байланыс орталығы ашылды.
«Бұл байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Аталған орталықта 6 қызметкер қоңырауларға жауап беріп отырады. Олардың жұмыс кестесі таңғы сағат 08:00-ден кешкі 19:00-ге дейін созылады. Түнгі уақытта екі адам кезекшілікке қалады»,- дейді Шымкент қаласы әкімдігінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов.
Бірыңғай байланыс орталығының 39-50-55 нөміріне хабарласып, мазалаған сұрақтар бойынша мамандардан тиісті дұрыс жауапты ала алады.
Орталықта қызмет ететін алты оператор әр сала бойынша қоңырау қабылдап, тиісті жұмыстарды атқаратын болады. Үшінші мегаполистегі бұл қызмет халық арасындағы қауіпті індеттің таралып кетпеуі үшін қолға алынып отыр. Себебі, мұндай қауіпті әрі емі жоқ індетпен қарама-қарсы келмеген халық жалған ақпаратқа сеніп қалады. Сонымен қатар, сауда саттық орындарында бағаның күрт қымбаттауы бойынша да кімге жүгінерін білмей қалатын сәттер де болады. Міне, осы секілді қоғамда орын алып жатқан сұрақтар бойынша біріңғай байланыс орталығы жауап береді.