Еріктілерге игі істі бастату және жастарға қолдау көрсету мақсатында жақында «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалы мен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы «Келешек» жастар кеңесі арасында өзара қарым-қатынас және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Айта кетейік, аталған құжатқа қол қоюдағы басты мақсат жұмыс істейтін және оқитын жастар қатарынан партия мен кәсіподақтарға жаңа мүшелерді тарту, экономиканың жаңа салаларында бастауыш партиялық және кәсіподақ ұйымдарын тарту болып табылады. Волонтерлар жылы аясындығы ұтымды бастама, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша ұжымдық іс-шаралар өткізуге, жас отбасыларға кәсіптік бағдар беруге,жұмысқа орналасуға, кәсіби өсуге және басқа да жастар арасында іс-шараларды өткізуге көмектесу және ұйымдастыруды көздейді. «Біздің басты мақсатымыз еріктілер жылында ардагерлерге, қолдауды қажет ететін жалынды жастарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан жандарға көмек беру. Қазір меморандум аясында апталық, айлық жоспарларды құрып, іске кіріспекпіз. Еріктілер жылында волонтерларды игі істерге жұмылдырғымыз келеді»,- дейді «Жас Отан» ЖҚ Шымкент қалалық филиалы төрағасы Арман Әлібеков.