Шымкенттік жастар "Алғыс айту" күніне орай 20 келі бауырсақ таратты. Белсенді жастар қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, бауырсақ үлестірді.
Осылайша жастар көктемнің алғашқы мерекесін ерекше шарамен бастады. Қала тұрғындары жастардың бастамаларына рақмет айтып, алғыс білдірді. Қала жастары алдағы уақытта да мұндай шараларды жиі ұйымдастырып тұрмақ.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялады.
"Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", - деген болатын Назарбаев Ассамблея сессиясында.
Сондай-ақ бүгін Халықаралық қошемет сөздер (комплимент) күні аталып өтеді. Бұл күні арнайы акциялар мен флэш-мобтар өткізіліп, адамдар бір-біріне жылы сөздер айтады.