Шымкент қаласы Салт-дәстүр орталығы мен «Рухани жаңғыру» бөлімінің қызметкерлері Наурыздың алғашқы күні «Көрісу күнін» ерекше көңілмен өткізді.
Көрісу мерекесі қарсаңында орталықта қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиева қонақта болып қайтты. Құтты қонақ «Бір жасың құтты болсын!...» деген мерекелік тілек-батасымен жүрек жарды тілегін жеткізді.
Қонаққа ақ дастархан жайылып, тәтті бауырсақ ұсынылды. Халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Нұрлан Есенқұлов қазақтың қара домбырасын қолға алып, көрісу күнін жырларына арқау етті. Жаңа жылдан жақсылық тілеп, ниеттенген көпшілік өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды.
Ал келген қонақ жиналған қауымға Көрісу күнінің мән — мағынасын жете түсіндіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс