Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы этно-мәдени бірлестіктер барша қазақстандықтардың ортақ мейрамына айналған Наурыздың мәнін ұғып қана қоймай, оны жыл сайын қала тұрғындарымен бірге атап өтіп келеді. Дегенмен биыл ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға байланысты жыл басын әркім өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен қарсы алуға ниеттеніп отыр. Дастархан жайып, дәстүрлі Наурыз көже әзірлеуге дайындалуда.
Осыдан 5 жыл бұрын Шымқалада «Қазақ дастарханы» жобасы қолға алынған болатын. Игі бастаманың түпкі мәні – этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыру, ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарды жаңғыртуды көздеу. Осынау игі бастама арқылы этнос өкілдері қазақтың ұмыт бола бастаған төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды түрлі ұлттық тағамдарын дайындап, оны ел жадында қайта жаңғыртты.
– Міне, биыл сол тәжірибемізге сүйене отырып, Наурыз дастарханын өз шаңырағымызда жаятын боламыз. Үлкендерден бата алып, жыл басын лайықты қарсы алмақ ойымыз бар. Осынша жыл бізге сүйеу әрі қиын сәтте демеу болған қазақтардың маңайына топтасып, берекелі Қазақстанның жаңа тарихын жасауға атсалысуды қасиетті азаматтық парызымыз деп білеміз, - дейді Шымкент қаласындағы әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова.