Үшінші мегаполистегі қуыршақ театры елімізде төтенше жағдай жарияланғанын ескеріп, кішкентай көрермендеріне қуаныш сыйлауды ұйығарыпты.
Театардың онлайн қойылымы «Орыс халық ертегілеріне» арналды. Аталмыш ертегі балаларды ерекше оқиғалар шеңберіне енгізіп, олардың кейіпкерлерімен болып жатқан өзгерістермен таныстыра отырып, түрлі адами қасиеттерге баулиды. Оларды қоршаған ортасына, адамдарға жақсы қарым-қатынасқа үйретеді, достық сезімдер мен ұмтылыстарды көрсетеді. Тікелей эфирде көрсетілген орыс халық ертегілернің мақсаты – жақсылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Әрине дәл қазіргі уақытта бала үшін үйде отыру – ең маңызды ереже болып отыр. Бұл бір жағынан баланың моральына зиян келтірсе, екіншіден оның ортадан алыстауына септігін тигізеді. Ал Шымкент қаласындағы «Қуыршақ» театры осы олқылықтың орнын толтыру үшін бала көңілін аулайтын осындай ертегілер желісін ұсынды. Онлайн көрсетілімдегі ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекеттерінде еңбекқорлық – жалқаулық, жақсылық - зұлымдық, батылдық – қорқақтық сияқты қасиеттер қарсы қойылып, салыстырыла қаралады. Балалардың ертегі соңында түйетіні қайырымдылық, еңбекке деген сүйіспеншілік, батылдық секілді ізгі қасиеттер болды.
Ертегіні оқып отырған әртістің де шеберлігі тек кішкентай балақайларды ғана емес, ересектерді де тәнті етері анық. Ол себебі жай ғана оқып қоймай, әр кейіпкердің дауысын образына лайықтай оқып, баланың ертегілер әлеміне түгелдей еніп, оған тұтастай сенуіне ықпал етіп отыр. Мәселен «Бауырсақ» ертегісінде актер бауырсақтың дауысын жіңішкертіп оқыса, ал аю, қасқыр секілді жануарлардың дауысын жуан келтірген. Бұл да актердің бір образдан, екінші образға оңай көше алуын айқындайды. Сол арқылы бала кімнің-кім екенін оңай ажыратып отырады.