Онлайн іс-шаралар Шымкент қаласында күн сайын орын алуда. Бұл жолы жоба қалалық балалар кітапханасынан бастау алды. Себебі, төтенше жағдайда қашықтан білім алып жатқан балалардың үйде зерігетінін ескеріп, бұл жолы да кітапхана ұжымдары түрлі онлайн сағат өткізіп, жаңа келген кітаптарды таныстыра бастады.
«Ақылды қаламның сиқыры» атты онлайн сағатты оқырмандарына өткізіп, пайдалы мәліметтермен бөлісті. «Зияткерлік технология негізінде әзірленген «Даналық әліпбесі» кітабын назарларыңызға ұсынамыз. Бұл кешен 12 кітап және инновациялық сөйлейтін қаламнан тұрады. «Даналық әліпбесі» кітабының негізінде «Қобыз үні», «Домбыра күйі», «Бесік жыры», «Халық әні» сынды өзге де танымдық кітаптар енгізілді», - деп кітапхана қызметкері ақылды қаламның қай кітаптарда қолданылатынын таныстырып өтті. Бұл сиқырлы қаламды аталған кітаптардың кез-келгеніне жақындатып, үстін сызар болса, сайрап жөнеледі. Яғни, кітапхананың кішкентай көрермендері үшін бұл таптырмас ақылды құрал.
Онлайн сағат барысында «Бабалар сөзі» кітабының ішінен «Адамның бір жақсысы көзінен, бір жаманы сөзінен» атты тақырыпшаны таңдап, зияткерлік технологияның қыр-сырымен тәнті етті.