Кітапхана сөресі жаңа кітаптармен толықты

жана китаптар.jpg

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні! Мереке қарсаңында кітап сүйер кішкентай балақайлар үшін Шымкент қаласындағы  қалалық балалар кітапханасы жаңадан түскен кітаптар бойынша онлайн – көрмені назарға ұсынды. Кітапханаға келген кітаптардың тізімін Арасанбай Естеновтың «Көне кенттер күмбірі» атты авторлық туындысы бастады. Аталған кітап «Өлкетану мектебі», «Табиғаттану мектебі», «Салауаттану мектебі», «Ой ұшқырлау мектебі», аталатын төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде оқушылар орта ғасыр қойнауында саяхаттап, Аспара, Баласағұн, Қарнақ, Сарайшық, Сығанақ сынды көне кенттермен танысып, олардың қыр-сырына қанықса, екінші бөлім кішкентай оқырмандарын табиғат таңғажайыптарымен таңдандырады. Үшінші бөлім, аты айтып тұрғандай, балдырғандарды салауатты өмір салтын ұстана спортқа бейім болып, шынығып, шыңдалып, өсуге құлшындыратын танымдық өлеңдерден тұрады.

Көрменің көркін келтірген келесі кітап қазақ балалар әдебиетінің сарбаз-сардары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Сұлтан Қалиұлының «Менің елім» атты бұл кітабына оның өлең-тақпақтары, жұмбақ-жаңылтпаштары, «Алдар мен шайтан», «Сауық» поэмалары мен тағы басқа да шығармалары еніп отыр. Қаламгер ұтымды да ұтқыр, ойнақы да ойлы өлең ұйқасының иірімдерімен бала жанын баурай түсіп, оларды отансүйгіштік, еңбекқорлық, батылдық пен батырлық, адалдық, адамдық жолына бастайды. Кітаптың он жасар оқырманнан ұлағатты ұстазға дейінгі берер көмек-қорегі ұшан-теңіз. Сонымен қатар, өмір бағдаршам секілді деген ұстанымды басты орынға қойған Қуандық Түменбаевтың «Жасыл жанып тұрғанда» хикаятының лейтмотиві — күнә және одан арылуы да кішкентай оқырмандар сөресіне жайғасты.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қаламгерлерге арналған байқау
  • «Мәртебелі оқырман» төрінде - Күлия Айдарбекова
  • Тәуелсіздікті толғаған кеш
  • Балалар фольклоры - тәрбие негізі
  • Ақынның өмірінен сыр шертті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер