Мәдени астана Шымкент шаһарда бірнеше кітапхана бар. Олардың арасында зағиптарға арналған «Арнайы кітапхананың» бар екенін айта кеткен жөн. Себебі, онда төтенше жағдайда онлайн іс-шараларды белсенді өткізіп, уақытын тиімді пайдаланып жатқан көзі мүлдем көрмейтіндер мен нашар көретіндерден құралған «Тағдырластар» клубы бар.
Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өз жұмысын онлайн режимінде одан әрі жалғастыруда. Сәуір айында өтілетін «Тағдырластар» клубының кезекті басқосуы WhatsApp желісіндегі «Ерекше жандар» тобында өрбіді. Аталмыш басқосуға Шымкент, Түркістан облысының әр ауданынан және Алматы, Талдықорған Ақтөбе Жамбыл Қызылорда облыстарынан І-ІІ-ІІІ топ көзмүгедектері қатысты. Клуб жетекшісі Ербек Бакиев шараны ұйымдастырып «Махаббат мәңгі лаулайды» тақырыбында түрлі сұрақтар жолдады. 50-ге жуық қатысушы қойылған сұрақтарға өз жауаптарын жариялап, пікірлерінде жеткізіп отырды. Мансур Ибрашев, Рустем Тайыров, Мадина Ермаханова Гүлмира Оразова, Лаура Жұмабай, Думан Жаханбаев сынды бір топ жастар белсенді араласып, ойларын озық жеткізді. Махаббат тақырыбында арнайы ән айтып, өлең оқып аудио, видео форматында материалдар дайындап топқа салып суреттерін жіберіп отырды. Жалындаған жастардың ой-пікірлерімен өмірге деген көзқарастарын ортаға салған сырлы сұхбат екі сағатқа жалғасты. Сөз соңы баршаға баянды бақыт, мағыналы ғұмыр, адал жар, жарасымды отбасылық күндер болсын деген тілек айтылып тәтті лебізбен түйінделді